Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Аға буынға арналған алғыс пен жаңа жылдық тілектер

30-12-2023, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Республикалық маңызы бар қалаларда Қарулы күштердің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. 

Астанада Қорғаныс министрлігінің өкілдері «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп екі майдангерге барды.  

Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі запастағы полковник Ғани Артықов атап өткендей, қазір елордада Ұлы Отан соғысына қатысқан жеті ардагер тұрады. 

– Уақыттан озған ешкім жоқ. Жыл өткен сайын майдангерлер азайып барады. Біз үшін әр ардагер – тірі тарих. Бүгін 98 жастағы Раиса Сафоничева мен жүз жастағы Рзағұл Байкешевті құттықтадық. Өскелең ұрпақ фашизмді жеңудің оңай келмегенін білуі керек, – деп атап өтті Ғани Артықов. 

Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Ржев шайқасы мен Великолукскіге шабуылдау операциясына, Польша, Румыния және Венгрияны азат ету шайқастарына қатысқан. Рзағұл Байкешев даңқты жолы үшін «Отан соғысы» орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков» медалімен және басқалармен марапатталды.

Соғыстан кейін Рзағұл Байкешев Рождественка совхозында экспедитор болып жұмыс істеді. Ол 1983 жылы зейнетке шықты. Екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан немере-шөберелер сүйіп отыр. Қазіргі уақытта немересі Талғаттың отбасымен бірге тұрады. 

Әскери қызметшілер Сафоничева Раиса Егоровна тұратын елордалық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеге барды. Ол 1925 жылы 10 шілдеде Башқұрт АССР, Ташкент ауданы, Шинчяккуль ауылында дүниеге келген. 

1944 жылы наурызда майданға Горький қаласындағы Сормов аудандық әскери комиссариатынан өз еркімен шақырылған. Минскіде қыз қысқа мерзімдік байланыс курсын бітіріп, екінші Украина майданына жіберілген. Киев, Бессарабия, Румыния, Венгрия үшін шайқастарға қатысты. Жеңісті Будапешт маңында қарсы алды.    

Соғыстан кейін 1946 жылы Ресейге оралды, сол жерден комсомолдық жолдамамен Қазақстанға Тың жерлерді игеруге келді. Жамбыл геологиялық барлау экспедициясында аспаз болып жұмыс істеді. Зейнетке шығып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі болып сайланды. Ол «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Украинаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков» медальдарымен марапатталған. 

Қорғаныс министрлігінің өкілдері Рзағұл Байкешев пен Раиса Сафоничеваны шын жүректен құттықтап, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын жауынгерлік рухта аман-есен қарсы алуды тіледі.  

Қарттарға гүлдер мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Олар үшін Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери ансамблінің музыканттары соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Құттықтауларға жауап ретінде ардагерлер әскери қызметшілерге бейбітшілік, амандық және қызметте табыс тіледі.  

Алматыда да Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері мен материалдық қамтамасыз ету полкінің отбасымен жұмысты ұйымдастыру қызметінің өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Егор Долидуданы туған күнімен және Жаңа жылмен құттықтады. Желтоқсан айында Егор Степанович 96 жасқа толды. 

Егор Долидуда – сібірлік, Красноярск өлкесінің тумасы. 1944 жылы желтоқсанда пулеметші атқыш ретінде майданға шақырылды. Ол Қиыр Шығыстағы 184 дивизияның 297 атқыштар полкінде қызмет етті.  Жеңісті Жапония шекарасында қарсы алды. 

Соғыстан кейін майдангер Қазақстанға келді. Ішкі істер министрлігінде және әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеді. Егор Долидуда 1983 жылы майор шенімен отставкаға шықты.

Ардагер десантшыларды зор ықыласпен қарсы алып, олардың қолдауы мен ілтипатына ризашылығын жеткізді. Ол әскери қызметшілерге өзі өткен майдан жолы, одан кейінгі қызметі туралы әңгімелеп, сүйікті әнін де шырқап берді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив