Shakarim University: өңір мен мемлекеттік қызметті байланыстырушы флагман
Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру бағытын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысы бірқатар бастамаларды қабылдады.
Бұл бастамалар өңірдің дамуында елеулі рөл атқаруда. Әсіресе жаңадан құрылған Абай облысында мемлекеттік қызметте жастар легінің ағылуы байқалуда. Осы ретте, Shakarim University мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Рәсімге университет басшылығы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Абай облысы бойынша филиалы мен қызметкерлері қатысты. Алғы сөз сөйлеген Shakarim University ректоры Думан Орынбеков шараның маңыздылығын айтып, ЖОО-ның бірқатар жетістіктеріне тоқталды.
Тараптар меморандум аясында бірлескен қосымша білім беру бағдарламаларды, ғылыми-әдістемелік зерттеулерді, инновациялық жобалар мен мамандарды әзірлейтін болады. Бұл келісім өңірдің дамуына, елге қажетті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда септігін тигізері анық.
Айта кетерлігі, Shakarim University Абай облысында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасын жемісті іске асыруда. Жоба шеңберінде ЖОО-ның 15 студенті білімдерін шыңдап, өңірге қызмет етуге сақадай сай.