Cемей12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар12°С
479.71 533.77 5.16

AMANAT-та мәслихат депутаттарын оқытудың ауқымды бағдарламасы бастау алды

18-01-2024, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Астанада «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын оқыту бағдарламасы бастау алды. Атап айтқанда, бүгін елордалық мәслихат депутаттары «Мәслихат депутаттарының қызметін саяси SMM арқылы ілгерілету» семинар-тренингіне қатысты. Іс-шара барлық деңгейдегі мәслихаттардың 2600-ден астам депутаты үшін партияда көзделген халық қалаулылары корпусын жаңарту стратегиясының ажырамас бөлігі саналады.

Оқыту жұмысын «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ұйымдастырды. Академия директоры Елдос Нұрланның айтуынша, қазір мәслихат депутаттарына партиялық вертикальға толық қосылуға, әдіснамалық және ұйымдастырушылық қолдауды пайдалануға мүмкіндік беру маңызды.

«Жергілікті бюджеттерді бекіту, экономикалық және әлеуметтік даму бағдарламаларын әзірлеу жұмысы мәслихат депутаттарына тікелей қатысты. Мәслихаттар құрылыс жоспары мен бас жоспарын бекітеді, жер қатынастарын реттейді және тағы басқа жұмыстарға белсене араласады. Ақпараттық кеңістіктегі жүйелі жұмыс депутаттарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шешімдерді әзірлеу және қабылдау кезінде өз сайлаушыларының мүддесін ұтымды жеткізуге мүмкіндік береді. Уақтылы және ашық қарым-қатынас түсініспеушілікті болдырмауға көмектесіп, әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың табысты жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді», – деді ол.

Академия сарапшыларының пікірінше, депутаттардың азаматтармен тиімді және жедел байланыс арнасы болуы, сайлаушылармен өзара іс-қимыл жүргізіп отыруы тиіс. Бұған арналған негізгі заманауи құрал – әлеуметтік медиа. Ол депутаттардың жұмысы туралы жұртшылықты хабардар етіп қана қоймай, халық қалаулылары атқаратын қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.

«Ақпараттық технологиялар депутаттарға азаматтармен маңызды мәселелерді талқылауға, оларды қоғамдық пікірталастарға және бірлесіп шешім қабылдауға тартуға мүмкіндік береді. Бұл ортақ мақсаттар төңірегінде жұртшылықты шоғырландыруға және түйінді проблемаларға бірыңғай көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Ажикенова.

«TuraNews» порталының бас редакторы Алмас Тоқабаев, «Kozildirik Media Group» PR-агенттігінің басшысы Ерлан Мүсіпов, «Basnews.kz» порталының бас редакторы Рамазан Дәулетбаев сынды масс-медиа саласындағы танымал сарапшылар дәріс өткізді. Осыған ұқсас семинар-тренингтер биыл қаңтар-сәуір айлары аралығында еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылады.

«Әлеуметтік желілер – коммуникацияның негізгі құралы, адамдар ақпаратты сол арқылы алады. Оны қарапайым әрі барынша түсінікті тілде жеткізу керек. Біз ақпараттық кеңістікте жұмыс істеудің түрлі құралын үйретеміз. Барлық адамда смартфон бар. Тіпті менің зейнеткер ата-анам да TikTok немесе WhatsApp арқылы ақпарат алады», – деді Ерлан Мүсіпов.

Еске сала кетейік, былтыр маусым айының соңында «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысты. Оның 2,5 мыңы – жергілікті өкілді органдардағы «AMANAT» партиясының депутаттары немесе еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 77%-ы. Форум аясында делегаттар үшін панельдік оқыту сессиялары ұйымдастырылды. Спикерлер Үкімет мүшелері – министрлер мен вице-министрлер, ал модераторлар – Мәжіліс депутаттары болды. Сол кезде партиялықтар жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасының балама нұсқасын әзірлеу туралы бастама көтерді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив