Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
511.22 540.05 4.73

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық өнімдерге шекті бағаларды реттейтін бұйрықтарды бекітуді кешіктіріп жатыр

20-01-2024, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Кәсіпкерлердің айтуынша, маңызды бұйрықтарды бекіту процесінің жүйелі кешігуі медициналық мақсаттағы өнімдердің қоймаларда жиналып қалуына, медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімінің аяқталуына әкеп соғады. Сонымен қатар, процестің шамадан тыс бюрократиялануы ҚР нарығына жаңа дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шығарылуын тежейді.   

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес фармацевтикалық өнімнің ҚР нарығына шығуы үшін:

1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеу сараптамасынан және рәсімдерінен өту;

2) ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын тіркеуден немесе тіркелген бағасын қайта тіркеуден өту «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттарға, сондай-ақ медициналық бұйымдарға шекті бағаларды және үстеме бағаны реттеу, қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы»;

3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шекті бағалар бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрықтарына енгізу;

4) фармакоэкономикалық талдаудан өту және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің формулярлық комиссиясының мақұлдауынан өту;

5) Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға және Бірыңғай дистрибьютордың сатып алу тізімдеріне кіруге міндетті.

Бұл ретте дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды өндірушілер жоғарыда аталған процедуралар ұзақ жүргізілетінін алға тартты. Атап айтқанда, отандық өндірушілер жыл сайын тіркелген бағаны тіркеу немесе қайта тіркеу процедураларынан өтеді. Бұл процедуралар күрделі, көптеген құжат жинап, уақыт пен қаржы шығындау керек. Соған қарамастан өндірушілердің өнімдері ҚР Денсаулық сақтау министрінің шекті бағаларға қатысты бұйрықтарына енгізілмейді немесе алынып тасталады. Соның салдарынан медицина саласындағы бірқатар отандық өндіруші шығарған өнімін 1,5-2 жыл бойы сата алмай жүреді.

«Marai E7 group» ЖШС директоры Ғалымжан Таласовтың айтуынша, бұл мәселе вице-премьер деңгейінде көтерілгеніне қарамастан ситуация шешімін таппай келеді.

«Біз аудиттің барлық кезеңінен өттік, Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелдік, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңілдеілген мөлшерлеме бойынша қаржыландыру алдық, адамдарды оқыттық, шикізат сатып алдық. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі бюджетті үнемдеу сылтауымен бізге өндірісті іске қосуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл ретте шетелдік өндірушілер өз өнімін сатып жатыр. Ал қазақстандық компаниялар несиелік қарыздарын төлей алмай,  қаржылық проблемаларды бастан кешіруде, штатты қысқарту және мерзімі өткен шикізатты есептен шығаруға мәжбүр. Премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың шекті бағамен бұйрықты бекіту туралы хаттамалық тапсырмасы бар, бірақ бұл тапсырманы Денсаулық сақтау министрлігі орындамай отыр», – деді Таласов.

Медициналық бұйымдарды өндірушілер қауымдастығының төрайымы Гүлмира Мұхамеджанова экономикалық талдаудың жаңа тәсілдерін ескере отырып, баға белгілеу әдістемесін толық қайта қарау қажеттігін атап өтті.

«Әлемдік практикада имплант өнімдерді қоспағанда медицциналық өнімдерге мемлекеттік реттеу жүргізілмейді. Бағасы өзгеріссіз қалатын өнімдер үшін де бағаны жыл сайын міндетті түрде тіркеу – бизнеске әкімшілік және қаржылық ауыртпалық болып саналады. Кейінгі үш жыл қатарынан тіркелуіне қарамастан, жаңа позициялар сатылмай келеді. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарын бекіту кешіктіріліп жатыр.  Салдарынан қоймалар өнімге толып, кәсіпкерлер пайдасынан қағылды, пациенттер үшін жаңа медициналық бұйымдар қолжетімсіз, көп дәрілік заттың жарамдылық мерзімі өткен», – деді Гүлмира Мұхамеджанова.

Спикер қолданыстағы баға белгілеу мен реттеу бюджетті оңтайландыруға әкелмегенін, керісінше, шекті бағаны бірнеше есе арттырғанын айтты. Өйткені сатып алудағы шекті бағадан жеткізушілер құнын 50%-ға дейін төмендететін жағдайлар бар.

Осылайша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандары фармацевтикалық өнімнің нарыққа шығу рәсімдерін оңайлату, шекті бағалары бар бұйрықтарды бекітуді жеделдету, бағаларды міндетті және жыл сайынғы тіркеуді/қайта тіркеуді болдырмау мәселелерін көтеріп отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив