«e-Qyzmet» жүйесіндегі жаңа іріктеу форматының ережелерін түсіндіру бойынша семинар өткізілді
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың персоналды басқару қызметкерлері үшін «e-Qyzmet» жүйесіндегі жаңа іріктеу форматының ережелері мен конкурс өткізу тәртібін түсіндіру бойынша семинар өткізілді. Семинарға орталық мемлекеттік органдардың 95 өкілі қатысты. Сонымен қатар аймақтардан 200-ден астам адам онлайн режимде қосылды.
МҚІА төрағасының орынбасары Азамат Жолманов іріктеу процесін толық цифрландыру арқылы «е-Qyzmet» ақпараттық жүйесін жаңғырту бойынша атқарған жұмыстарға тоқталып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етудегі онлайн форматтың маңыздылығын атап өтті.
Өткен жылы Агенттікпен жүйенің сыртқы порталында мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, онда конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралған болатын. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа онлайн режимде қатысуға мүмкіндік береді.
Қатысушылар «e-Qyzmet» жүйесінде іріктеуді өткізу қағидаларына қатысты сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды.
Атап өту керек, мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа алгоритмі өткен жылы 6 мемлекеттік органда сынақтан өткізілді. Мемлекеттік органдарда өткізілген 1246 астам конкурсқа 5 815 үміткер қатысып, оның 652-і жеңімпаз ретінде танылды. Жаңа онлайн жүйе бойынша бір орынға қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы (1,7 адам) іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артты. Бұл, азаматтардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы біршама артқанын көрсетеді.
Биыл жаңа іріктеу жүйесін кезең-кезеңмен барлық мемлекеттік органдарда енгізу жоспарланып отыр.