Астанада ҚР Ұлттық қорғаныс университеті мен «Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ арасында меморандумға қол қойылды
Құжатқа қол қою алдында әскери оқу орнының басшысы генерал-майор Асқар Мұстабеков қонақтарды университеттің негізгі міндеттерімен және ғылыми жетістіктерімен таныстырды.
– Ұлттық қорғаныс университеті ел Қарулы күштерінің жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буындарының мамандарына деген қажеттілікті толығымен қамтамасыз етеді, бұл білім ордасының магистратурасы – 16, ал докторантура – 6 мамандық бойынша маман даярлайды, – деді ол.
Университет басшысы оқытушылық қызметтен өзге, білім беру мекемесі әскери өнер, қару-жарақ және әскери техника, ақпараттық технологиялар, әскери оқыту және тәрбие мәселелерін зерделеумен де айналысатынын атап өтті.
Меморандумға Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков пен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Асқар Хикметов қол қойды.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және оны дамытуға, білім беру және ғылыми салаларда зияткерлік әлеуетті іске асыру үшін жағдай жасауға ұмтылуға өзара қызығушылық танытты.
Құжатта тараптардың оқу орындарында ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрларды даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыруда өзара қарым-қатынас көзделген.
Әскери білім ордасының оқу және ғылыми-зерттеу бөлімшелерінде профессорлық-оқытушылар құрамының, ғылыми кадрлардың, магистранттар мен докторанттардың тағылымдамаларын ұйымдастыру жоспарлануда.
Түрлі салаларда бірлескен ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу көзделіп отыр. Консультативтік және оқытушылық қызметке тараптардың жетекші ғалымдары, оқытушылары мен мамандары қатысатын болады.
Ақпараттық және кітапханалық ресурстармен алмасу, бірлескен оқу, ғылыми және әдістемелік басылымдарды дайындау, бірлескен конференциялар, симпозиумдар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізу жоспарда бар.