Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
511.22 540.05 4.73

Тамара Дүйсенова: Спорт саласын қаржыландыру моделін қайта қарау керек

15-02-2024, 14:59 Думан Кенжеғазыұлы

Елордада Туризм және спорт министрлігінің алқа отырысы өтті. Оған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, Парламент депутаттары, салалық ведомство басшылары мен сарапшылар қатысты.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өткен жылдың нәтижелері мен биыл атқарылатын шаруалар жоспары туралы айтып берді. Ол елде спортпен шұғылданатындар қатары тұрақты түрде өсіп жатқанын атап өтті: 2023 жылы олардың саны 510 мың адамға көбейген. Алайда салада назар аударарлық мәселелер де бар. Саланы дамыту үшін жаңа көзқарас керек. Әсіресе бұқаралық спортты дәріптеуге қатысты. Өңірлер бюджеттен бөлетін қаражат көлемінің жеткіліксіз екені айтылды.

«Халықаралық тәжірибеге сай бұқаралық спортты дамыту үшін мектептерден бастап, егде жастағыларға дейін арнайы спорттық лигаларды жандандыру керек. Озық елдердің тәжірибесі балалар арасындағы бұқаралық спорт болашақ чемпиондардың негізі екенін көрсетеді. Бізде әзірге бірыңғай жүйе жоқ. Демек бұқаралық спортты дамытудың алғашқы кезеңінен-ақ ақсап тұрмыз», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Осы орайда министрлік пен облыс әкімдеріне барлық кезеңдегі спорттық лигаларды мақсатты түрде дамыту жұмыстарын қолға алу тапсырылды. Бұл іске салалық министрліктер, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, медициналық орталықтар мен еңбек ұжымдары ат салысуы шарт.

Вице-премьер балалар мен жас өспірімдер спорт мектептерін қаржыландыру турасында да сөз қозғады. Бұл бағытта жалпы білім беру ошақтары секілді жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу жағын қарастыру қажеттігі айтылды. Одан бөлек 18 жасқа дейінгі балаларға арналған спорттық үйірмелерге «ваучерлер» ұсыну жүйесін ретке келтіру мақсаты тұр. Қарастырылған қаражатты тиімді жұмсау үшін «бір бала – бір ваучер» принципін қолдану көзделген.

Жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру моделі де қайта қарастыруды қажет етеді.

«Ұлттық құрама командаларына резерв дайындайтын спорттық ұйымдарымыз қазір олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағыт алғанын мойындауымыз керек. Бізде жазғы олимпиадалық ойындар тізіміне енген 45 түрлі спортқа басымдық берілген. Олардың қатарын азайтып, қалғанын дамытуға мән беруміз керек. Бұл тұста таңдау ғылыми тұрғыда негізделіп, еліміздің ерекшелігін ескеруі қажет», — деп атап өтті вице-премьер.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив