Cемей-2°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
511.22 540.05 4.73

Депутаттар жайылымдардың тапшылығын азайтуға арналған заңға бастамашы болды

16-02-2024, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар жайылымдар және оларды тиімді пайдалану туралы заңды қарады. Сондай-ақ отырыста Көлік министрінің сенаторлардың депутаттық сауалына ауызша жауабы тыңдалды және Сенат депутаттарын Палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына сайлау мәселесі қаралды.

«Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» заңның 17-бабына сәйкес бұған дейін екі сенатор Палатаның бір тұрақты комитетінен екіншісіне ауысу туралы өтініш білдірген еді. Осыған орай Сенаттың қаулысымен және оның Регламентi белгiлеген тәртiппен Айнұр Арғынбекова – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамына, ал, Жанна Асанова Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына мүше болып сайланды.

Сондай-ақ отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Бұл құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Бір топ Парламент депутаты бастамашы болған осы заң арқылы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа нормалар жайылымдардың жетіспеушілігіне қатысты ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды шешуге ықпал етпек. Сол мақсатпен жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуіне, аталған жерлердің сулануына қарсы күрес шараларын күшейту ұсынылды. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыреттерін кеңейту көзделіп отыр.

Атап айтқанда, заңда мал жаю үшін қажетті ауыл шаруашылығы жануарларының санының жүктеме нормасын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жайылымдарды пайдаланбау критериі күшейтіледі. Халықтың қажеттілігіне арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға да тыйым салынады.

Сонымен қатар Орман кодексіне орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын әкімдіктерге мал жаюға және шөп шабуға рұқсат етілген жайылымдар мен орман қоры туралы ақпарат беруге міндеттейтін түзету енгізілді.

Ауыл тұрғындарының мал жаюына арналған елді мекеннің айналасындағы жерлердің мәртебесін күшейту үшін «Жайылымдар туралы» заңға жазылған «қоғамдық жайылымдар» ұғымы да осы бағыттағы жаңашылдықтардың бірі екенін атап өткен жөн.

«Соңғы жылдары ауыл тұрғындары арасында жайылымдық жерлер мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы өзекті проблемаларды назарға алып, сенаторларымыз бірқатар заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасады. Атап айтқанда, жайылымдардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге және оны ұтымды пайдалануға арналған жаңа ережелер топтамасы мақұлданып отыр. Сондай-ақ жердің құнарлығын сақтауды көздейтін тың түзетулер енгізілді. Қаралған заң жайылымдарды басқару, пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, бүгінгі отырыста депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін Сенатқа тиісті министрді шақыру тәжірибесі жалғасын тапты. Бұл жолы сенаторлардың алдына «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі туралы толық баяндау үшін Көлік министрі Марат Қарабаев келді. Талқылауға Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және «Қазақстан темір жолының» өкілдері де қатысты.

Өз сөзінде Палата Төрағасы темір жол саласын және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметін жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар бергенін де тілге тиек етті. Сондықтан депутаттық сауалда көтерілген түйткілдерді шешу үшін барлық мүдделі тарап кешенді жұмыс жүргізуі қажет.

«Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірінші жартыжылдықта темір жол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын Бағдарламалық құжат қабылдауды тапсырды. Сол құжатта бүгін сенаторлар көтерген мәселелердің де шешу жолдары көрсетіледі деп сенеміз. Бұл бағытта Сенат өз тарапынан заңнамалық және сараптамалық көмек көрсетуге дайын», – деді Сенат Спикері.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Жанна Асанова тұрғын үйлер мен коммерциялық жайларды қайта жоспарлау бақылаусыз кеткенін, бұл үрдіс, әсіресе, сейсмикалық аймақтарда жиі байқалатынын айтып, одан туындайтын қатерлерге Үкіметтің назарын аударды.

Дархан Қыдырәлі еліміздегі бірқатар рухани ескерткіш тиісті деңгейде қорғалмағанын, тіпті кейбірі жекеменшікке берілгенін айтты. Сенатор мәдени жәдігерлерден айырылып қалмау үшін тиісті заңнаманы қатаңдатуды, инфрақұрылымды дамытуды және бұл бағытта ЮНЕСКО-мен жүйелі жұмыс жүргізуді ұсынды.

Сұлтан Дүйсембинов Үкіметті өндіріс нысандарында санитарлық-қорғау аймақтарын қалыптастыруға қатысты мәселелерді шешуге ықпал етуге шақырды.

Әлішер Сатвалдиев «Тик-Ток» әлеуметтік желісі балалар мен жасөспірімдердің санасына кері әсерін тигізіп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сенатор бұл саланы реттеуге арналған бірқатар шара ұсынды.

Суретті түсірген: А. Байжұманов

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив