Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жаңа міндеттер айқындалды
Сауда инфрақұрылымын дамытуға кемінде 970 млрд теңге сомаға инвестициялар тарту, тауар айналымының өсімін қамтамасыз ету, шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтер экспортын ілгерілету, көлеңкелі сауданы ЖІӨ-ге 5,6% – ға дейін төмендету, сауда-экономикалық интеграцияны және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту - сауда және интеграция саласын дамытудың осы және басқа да бағыттары Сауда министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында белгіленген. Іс-шараға "Атамекен" ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов, Сауда және интеграция мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің төрағасы Руслан Шаекин, Министрліктің орталық аппараты мен аумақтық департаменттерінің басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы ү. ж. 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан экономикасын 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға дейін ұлғайтуға бағдар қойды. Ол үшін ЖІӨ жыл сайын кемінде 6% - ға өсуі тиіс, осыны ескере отырып, елдің көтерме және бөлшек саудасындағы жалпы қосылған құнның нақты көлем индексінің үлесін жыл сайын 9% - ға немесе 1 трлн теңгеге ұлғайту қажет.
Алқа отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев 2023 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 20,3% - ға артып, 61 трлн теңгені құрағанын хабарлады. 2023 жылы сыртқы сауда 3,2% - ға өсуді қамтамасыз етті және $139,8 млрд-қа жетті. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің экспорты 1,1% - ға өсті ($34,7 млрд-тан $ 35,1 млрд-қа дейін), бұл ретте шикізаттық емес экспорттың номенклатурасы 141 позицияға ұлғайды және бүгінгі күні 3375-ке жетті, елдер географиясы 134 дейін кеңейтілді (2023 ж. 8 ел).
Қазақстан Президенті алға қойған міндеттерді іске асыру үшін Министрлік сауда инфрақұрылымын дамытуға кемінде 970 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартуды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Қаражат қолданыстағы нарықтарды жаңғыртуға және жаңа заманауи сауда орталықтарын салуға, электрондық сауданы және басқа да заманауи қызмет түрлерін дамытуға бағытталатын болады.
Көлік және қаржы министрліктерімен бірлесіп сауда кедергілерін қысқарту, кедендік рәсімдерді оңайлату, логистиканың тиімділігін арттыру және тауар айналымын ұлғайту үшін ведомствоаралық үйлестіру мәселелері пысықталатын болады.
Министрлік шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын ілгерілету мақсатында экспорттық операцияларды басқаруды орталықтандыруды, "Made in KZ" қолшатыр брендімен қазақстандық өнімді ілгерілетуді, экспортқа бағдарланған жобаларға инвестицияларды ұлғайтуды және т.б. қоса алғанда, 5 қадамды іске асыруға ниетті.
Көлеңкелі сауданы ЖІӨ-нің 5,6% деңгейіне дейін төмендету үшін тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін енгізуді, өнімсіз делдалдарды жою және ұйымдасқан көтерме тізбектерін қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру ұсынылды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау, өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру бағытында министрлік ұлттық стандарттарды ілгерілетуді және шекарада да, тікелей ҚР-да өткізу кезінде де бақылауды күшейтуді қамтамасыз ететін болады.
Сауда-экономикалық интеграция шеңберінде Министрлік ЕАЭО шеңберіндегі экономикалық процестерді 2030 жылға дейін және 2045 жылға дейінгі кезеңге одан әрі дамытуға арналған 2023 жылғы 25 желтоқсандағы "Еуразиялық экономикалық жол" ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары саммитінің декларациясын іске асыру жөніндегі ұлттық жоспарды әзірлеуді қолға алып отыр.
"Біз сауда - экономикалық өсім мен әлеуметтік дамудың негізгі факторларының бірі болып саналатын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі заманғы тәсілдер мен технологияларды пайдалана отырып, сауданы дамыту үшін қолайлы орта құру қажет", - деп түйіндеді А.Шакқалиев.
Алқа қатысушыларының назарына Қазақстанда сауда саясатын дамытудың 2027 жылға дейінгі жол картасы-сауда саласын дамытудың барлық векторларын айқындайтын бірыңғай, тұжырымдамалық құжат ұсынылды.