Әскери бөлімге – 50 жыл
Ақпан айының жиырма алтысы Аягөз гарнизонына қарайтын 41446 әскери бөлімінің құрылған күні. Атаулы мерекеге орай қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Іс-шараға әскери бөлімнің ардагерлері, жеке құрам және әскери қызметшілердің отбасылары мен мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Салтанатты жиында бөлім командирі полковник Есет Өмірбаев жеке құрамды мерекесімен құттықтап, мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде қызмет етіп жүрген барша әскери қызметкерлерге еңбекте табыс тіледі.
Шара барысында әскери бөлім ардагерлері мен сарбаздардың ата-аналары да құттықтау сөз сөйлеп, жүрек жарды лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, 41446 әскери бөлімі Орта Азия әскери округі Құрлық әскерлері Бас штабы бастығының 1974 жылғы 26 ақпандағы № 453 Директивасы негізінде Семей облысының Аягөз қаласында құрылған. Бүгінгі таңда аталған әскери бөлімнің жеке құрамы жауынгерлік дәстүрді ұстана отырып, әзірлікті шыңдап, қырағылықпен міндеттерін атқарып, еліміздің тыныштығын күзетіп жүр.
Сонымен қатар жеке құрамды көтермелеу жайлы бұйрық жеткізіліп, әскери қызметтегі кәсіби шеберліктері үшін бір топ офицерлер мен сержанттар, азаматтық персоналдар алғыс хаттармен, мақтау грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жиын соңы мәдениет үйінің көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі