Cемей-3°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
511.22 540.05 4.73

Қазақстан мен ХСО халықаралық саудадағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті

27-02-2024, 14:22 Думан Кенжеғазыұлы

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабидегі ДСҰ-ның 13-ші Министрлік конференциясы аясында Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев Халықаралық сауда орталығының атқарушы директоры Памела Кок-Гамильтонмен кездесті.

Тараптар төрт жыл бойы бес мемлекет – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан аумағында іске асырылған Ready4Trade Орталық Азия трансшекаралық сауданы дамыту жөніндегі жобаның бірінші кезеңінің нәтижелерін қорытындылады.

Арман Шакқалиевтің айтуынша, біздің еліміз ХСО-ның көмегімен өңірдің басқа мемлекеттерімен сауда-экономикалық өзара іс-әрекеті барысында нақты жетістіктерге қол жеткізді. Жобаның бірінші кезеңінде Орталық Азияда, атап айтқанда «Central Asia Gateway» марапатына ие болған сауда порталдары сәтті түрде іске қосылды. ХСО-мен бірлесіп әзірленген ұсыныстар халықаралық сауданың маңызды аспектілерін қамтуда.

Сауда және интеграция министрі хабарлағандай, біздің еліміз ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделі, өйткені қол жеткізілген жетістіктер Еуропа мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда байланыстарын кеңейтудің негізін қалады. Алға қойылған байланыстар болашақта тауар айналымының өсуіне және экспорттың әртараптандырылуына ықпал етері сөзсіз.  

«Біз сауданы ілгерілетудің негізгі құралдарын, соның ішінде бизнес-процестер реинжинирингін, үйлестіру мен деректермен алмасуды шоғырландыруға назар аударуымыз қажет. Сауда рәсімдерін оңайлату саласындағы ХСО тәжірибесінің бірлескен күш-жігер үшін берер үлесі баға жетпес. Сонымен қатар, Орта дәлізді (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) цифрлық трансформациялау мәселесін жобаның екінші кезеңінің күн тәртібіне енгізудің маңызы зор», - деп атап өтті Арман Шакқалиев.

Бұл ретте ол ТХКБ бойынша қағазсыз сауданың озық технологияларын әзірлеуге баса назар аудару керектігін де айтты. Бұл Қазақстан, Орталық Азия және ЕО елдері үшін пайданы барынша арттыра отырып, «Солтүстік дәлізге» балама ретінде «Орта дәліз» мәртебесін арттыра түспек. Трансшекаралық сауданың тиімділігін арттыруда стратегиялық маңызды шешімдер қабылдаудың орталық торабы ретінде Сауда рәсімдерін оңайлату жөніндегі Ұлттық комитет шешуші рөл атқарады.

Өз кезегінде Памелла Кок-Гамильтон Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігіне және QazTrade-ке Орталық Азиядағы Ready4Trade жобасын іске асыру процесінде қолдау көрсеткені және жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

«Біз Қазақстанның осы жобаға қатысып, көшбасшылық танытқанына ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта бізде Орталық Азиядағы Ready4Trade жобасының екінші кезеңін іске қосу мүмкіндігі болады деп үміттенеміз. Біз алдыңғы жұмысымызды тереңдете түсуге және барынша кеңейтуге тырысамыз», - деді ХСО атқарушы директоры.

Ол жергілікті жерлерде мамандар белсенділік танытпаған жағдайда маңызды нәтижелерге қол жеткізу қиын болатынын атап өтті.

Кездесу соңында Арман Шакқалиев Халықаралық сауда орталығының атқарушы директоры Памела Кок-Гамильтонға өзара әрекеттестігі үшін алғысын білдіріп, Қазақстан өңірлік көшбасшы ретінде Еуропалық Одақтың ұсыныстары ескерілетін жобаның екінші кезеңінің іске асырылуын күтетіндігі жөнінде хабардар етті.

Сонымен қатар, ДСҰ Министрлік конференциясы аясында ДСҰ мен ХСО бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға Сауда және интеграция министрлігінің қазақстандық делегациясы және QazTrade қатысты. Басты тақырып SheTrades ДСҰ-ХСО Саммитінде «Цифрлық экономикадағы экспорттаушы әйелдер» (WEIDE) ДСҰ-ХСО қорының іске қосылуы болды. Қордың қызметі бәсекеге қабілеттілікті жақсарту және әйелдер басқаратын бизнес үшін жаңа нарықтар ашу үшін цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. 

Анықтама:

Ready4Trade-Орталық Азия – бұл Еуропалық Одақ қаржыландыратын, Халықаралық сауда орталығы (ХСО) ұлттық серіктестермен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асыратын төрт жылдық жоба. Жобаның мақсаты Орталық Азияның бес елінде өңірішілік және халықаралық сауданы дамыту арқылы Орталық Азияның жалпы орнықты және инклюзивті экономикалық дамуына үлес қосу болып табылады. «Ready4Trade-ОА» жобасының бенефициарлары Үкіметтер, шағын және орта кәсіпорындар, сондай-ақ бизнесті қолдау жөніндегі ұйымдар болып табылады. Жобаның Қазақстандағы серіктесі ҚР Сауда және интеграция министрлігі және «QazTrade» АҚ болып табылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив