Үкімет Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралды.
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және өңір халқының 40%-ы тұратын Қосшы қаласымен бірге Ақмола облысы үш ауданының 40-тан астам елді мекені кіретінін баяндады.
Жалпы, соңғы 10 жылда Астана тұрғындарының саны 46%-ға өсті. Бұл ретте, болжамды деректерге сәйкес, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,3 млн адамға дейін артады.
Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген. Аталған жоспар қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, экологиялық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Мәселен, агломерацияны аумақтық дамыту шеңберінде елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын сәйкестендіретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Жалпы ауданы 940 гектардан асатын эко қалашықтар құру көзделіп отыр, олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады.
Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында электровоздарға қызмет көрсететін логистикалық 6 кешен мен сервистік орталық салу, сондай-ақ қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар агломерация елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады. Сондай-ақ 70 шақырым кәріз жүйесін, 500 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 800 шақырым электр желісін, 3 қазандық т.б. салу және реконструкциялау жоспарланған.
Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады және Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар индустриялық аймақ құрылады.
Елорда төңірегінде 7 өрт сөндіру депосының құрылысына дайындық барысы туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндама жасады. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала маңына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін шешу жоспарлары туралы хабардар етті. Баяндамаларды тыңдаған Премьер-Министр кешенді жоспарды іске асыру үшін елорда мен өңірдің өзара белсенді іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Олжас Бектенов қалаға жақын маңдағы елді мекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проблемасы екенін атап өтті.
«Бұл Астана қаласының инфрақұрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда, мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан, аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс істеуге тура келеді», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған Кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Қала маңындағы ауылдардың сумен қамтамасыз ету, су бұру, электрмен жабдықтау, жолдардың жай-күйі сияқты өздерінің проблемалары да баршылық екенін атап өтті.
«Жоспарды іске асыру осындай өзекті мәселелердің де шешімін табуға тиіс. Сонымен қатар елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашу қажет. Астана қаласы агломерацияның өзегі ретінде іргелес жатқан аумақтардың орнықты дамуына негіз болады. Бұл елорда мен оған жақын маңдағы елді мекендердің тұрмыс деңгейінің арасындағы теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы Кешенді жоспарды іске асыру кезінде инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның біртұтас кешенін құруға көмектеседі. Осылайша агломерацияның тірек қаңқасы қалыптасады.
«Сондай-ақ 45 ауылдық елді-мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр атап өткендей, жоспарланған барлық іс-шараларды жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың экономикалық даму тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.