Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

2029 жылға қарай Астана агломерациясында 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

28-02-2024, 10:54 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қаралып, бекітілді. Тақырып аясында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Министрлік Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта Астана агломерациясының аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және облыс халқының 40%-ы тұратын Ақмола облысының Қосшы қаласын қоса алғанда, Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарының 46 елді мекені кіреді.

Соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 46%-ға өсті, ал болжамды деректер бойынша 2035 жылға қарай 2,3 млн адамды құрайды. Агломерация елді мекендерінен астанаға күнделікті маятниктік көші-қон 200 мыңнан астам адамды және 30 мың автокөлікті құрайды.

«Елордада инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің ұлғаюына, қаланың шет аймақтарының кеңеюіне, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауына және әлеуметтік объектілердің тапшылығына алып келетін бірқатар проблемалар бар. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу үшін әзірленген кешенді жоспарда жүйелі шаралар көзделген. Жалпы, қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты, қоғамдық қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген», — деп атап өтті Н. Байбазаров.

Агломерацияны аумақтық дамыту мақсатында елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын үндестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Сондай-ақ осы бағытта агломерация құрамындағы елді мекендердің әкімшілік шекараларын белгілеу жоспарланған, бұл өз кезегінде қала маңы аймағындағы жер қатынастарын дамытуда оң әсер етеді.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, жалпы ауданы 940 гектардан асатын экоқалашықтар құру көзделіп отыр, олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады. Халықты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарымен қамтамасыз ету мақсатында Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және 350 төсек-орындық көпбейінді аурухана салынады. Сондай-ақ елордада инвесторлардың өз қаражаты есебінен 900 студентке арналған Тау-кен техникалық колледжін және балаларды оңалту орталығын салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауылдық жерлерде 9 мәдениет үйін,3 демалыс орталығын, 2 мәдени ойын-сауық кешенін және 50 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын салу жоспарлануда.

Агломерацияның көлік-логистикалық инфрақұрылымы мәселелерін шешу мақсатында кешенді жоспарда 6 логистикалық кешен, электровоздарға қызмет көрсету және қала маңындағы тұрақты маршруттарды субсидиялау жөніндегі сервистік орталық салу жөніндегі шаралар көзделген.

Агломерацияның елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады.

70 км кәріз жүйесін, 500 км сумен жабдықтау және су бұру, және 800 км электр беру желілерін, 3 қазандықты, 30 км жылу желілерін және 1 100 км газ құбырын салу, реконструкциялау жоспарланған.

«Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады және Аршалы ауданында жалпы ауданы 300 гектар индустриялық аймақ құрылады. Кешенді жоспарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар көзделген. 2028 жылдың соңына дейін 7 өрт сөндіру депосы салынады және халықты хабардар ету жүйесі құрылады», — деді вице-премьер.

Агломерацияның экологиялық жағдайын жақсарту үшін қуаттылығы жылына 40 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтар сұрыптауға арналған 5 жабдық сатып алу, Жібек жолы аулындағы Есіл өзенін кеңейту мен түбін тереңдету және Бозайғыр аулындағы орманды қалпына келтіру үшін көшет отырғызу жоспарлануда.

«Кешенді жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша 2029 жылға қарай 3 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орнын ашу, 70 мыңнан астам адамды медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібінде өнім шығару көлемін 120%-ға дейін ұлғайту, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 55%-дан
70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр»
, — деп мәлімдеді Н. Байбазаров. 

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бүгінде астана жанындағы елді мекендердің өртке қарсы инфрақұрылымы тиісті деңгейде қамтамасыз етілмегенін атап өтті. Мұның себебі – тұрғындар санының күрт өсуі. Өрт болған жағдайда, оған жақын елді мекендер мен елорданың өрт сөндіру күштерін шақырылады. Олардың арасы кейде 50 шақырымға дейін жетеді. 

«Нормаға сәйкес, 5 мыңнан 20 мыңға дейін тұрғыны бар елді мекендерде 6 өрт сөндіру машинасы бар 1 депо болуға тиіс. Осы мәселені шешу үшін Кешенді жоспарда 7 өрт сөндіру депосын салу көзделген. Осыған орай, бүгінде Қосшы қаласында депо құрылысы басталып, осы жылдың 4 тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді Марат Ахметжанов. 

Оның айтуынша, Жібек жолы мен Талапкер ауылында депо салу бойынша 2 жоба әзірленген. Өтінімдер тиісті Министрлікке жолданып, Ақмол, Қараөткел және Қоянды ауылдарына арналған 3 жоба дайындалып жатыр. Келесі жылы Бозайғыр ауылы үшін депо құрылысын жобаланбақ.

Бүгінде халық санының тұрақты өсуі – Астана агломерациясының басты ерекшелігі болып отыр. Соңғы 10 жылда тұрғындар саны орташа 72%-ға артқан. 

«Бұл ресми санақ бойынша, ал нақты жағдайға келетін болсақ, ауылды мекендер 6 есеге өсім көрсетіп отыр. Мәселен, Жібек жолы ауылының халқы 5,5 есе өскен, 2014 жылы тұрғындар саны 4 675 адам болса, 2023 жылы – 10 622 адам, қазіргі нақты санақ бойынша 30 мыңға жуықтап отыр. Ал Талапкер ауылында 2014 жылғы санақ бойынша 6 882 адам тіркелсе, қазір нақты – 30 000 адам тұрып жатыр. Қосшы қаласында тұратындар саны 5 есе өскен, 2014 жылғы санақ бойынша – 21 000 адам, 2023 жылы – 54 000 адам, қазір нақты – 112 000 адам тұрады», — деді спикер.

Осы ретте, Марат Ахметжанов тұрғандар саны мен құрылыс қарқыны өзара сәйкес келмейтінін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, Қосшы қаласы агломерациялық аймақтың контррегуляторы болып, өз міндеттемесін тиісінше орындай алмай отыр. Өкінішке қарай, жергілікті бюджет кейбір жобаларды уақтылы қаржыландыра алмай жатады.

«Мәселен, Жібек жолы ауылына су құбыры желілері тартылып жатыр. Жоба бойынша желілердің ұзындығы 64 шақырым деп жобаладық, 8 мың адамға, ол тағы бір өзгерістермен 93 шақырымға дейін ұзартылды. Аталған жобаны ары қарай реттеу мәселесі қаралып жатыр. Оның барлығының салмағы жергілікті бюджетке түседі. Осы орайда, бюджет бойынша ұсыныстар енгіздік: агломерация аймағының «айрықша мәртебесін» ескере отырып, жаңа Бюджеттік кодекс жобасы аясында сметалық құнының артуына байланысты түзетілген жобаларды республикалық бюджет есебінен қаржыландыру бойынша нормаларды қарастыруды ұсынамыз», — деді өңір әкімі.

Кешенді жоспарда маятникті миграция ағынын азайту және Астана мен оның жанындағы елді мекендердің әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылым айырмасын қысқарту сынды негізгі мәселелер көзделген.

Осыған байланысты Ақмола облысында 245 іс-шара жоспарланған. Коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өңір әкімі желілерді салу және реконструкциялау есебінен агломерацияға кіретін ауылдар сумен 100% қамтамасыз етілетінін атап өтті. Сондай-ақ жарық, жылу және газ тапшылығы толық шешілетінін айтты. Сонымен қатар көлік логистикасын нығайту үшін жол салу мен жөндеу бойынша жобалар да жоспарланған.

Қосшы қаласында соңғы 2 жылда ірі әлеуметтік-мәдени ошақтар бой көтерді. Қазірдің өзінде қаланың жеке инвестиция үшін тартымдығы артып келеді. Үш ауысымды мектептерді болдырмау және балабақша кезегін азайту мақсатында Қосшы қаласында мектеп пен балабақша салынады. Ал медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін аурухана тұрғызылады.

«Болашақта Қосшы астана маңы ауылдары үшін “магнитке” айналады. Жеке инвестициялар есебінен іске асырылатын жобалар 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ауыз толтырып айтатын біраз нысан бар. Мысалы, жалпы құны 15 млрд теңгені құрайтын “ВИАМЕДИС” ауруханасы салынады. Бұдан бөлек, Аршалы ауданында республикалық маңызы бар “AQMOLA” индустриялық аймағы құрылды. Ондағы кәсіпорындарға басымдық елорда сұранысына сәйкес берілетін болады», — деп атап өтті М. Ахметжанов. 

Кешенді жоспарды қабылдау Астана мен агломерация елді мекендерінің арасындағы теңсіздікті қысқартуға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ астанаға бет алатын маятниктік көші-қонды төмендетеді.

Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Астана қаласының маңына қызмет көрсететін маршруттық желі мен қоғамдық көлік саны үнемі өзгеріп, артып келе жатқанын айтты. Ол осы жылдың қаңтар айында қабылданған жаңа бас жоспарды әзірлеу кезінде елорда халық санының өсуімен қатар, агломерацияға тиісті елді мекендердің тұрғындарының көбеюі де ескерілгенін атап өтті. Көші-қон ағындарын реттеу үшін және жол желісіне жүктемені азайту үшін, бас жоспарда елордаға барлық радиалды кіреберістерде көлік-реттеу бекеттерін орналастыру көзделген.

«Жыл сайын елорда халқы 50-60 мың адамға көбейеді. Сонымен қатар күн сайын қалаға облыстың 200 мыңға жуық тұрғыны және 30 мыңнан астам автокөлік кіреді. Қазіргі уақытта елорданың қала маңындағы аймақтарына 26 маршрут қызмет көрсетеді. Өткен жылы қалада қосымша 400 автобус жұмыс істей бастады, жалпы былтыр қалаға 900 автобус шықса, қазір 1300 автобус шығады күнде. Автопарктегі көліктер санын биыл тағы 300 автобусқа көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз және 15-20 жаңа маршрут ашылады. Бұл бізге қала маңындағы маршруттардың санын көбейтіп, елді мекендер ішіндегі маршруттарды ұзартуға және агломерация тұрғындарының жүріс-тұрысын жылдамдатуға мүмкіндік береді», — деді Ж. Қасымбек.

Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі бірлесе отырып, агломерацияға кіретін аудандарды синхронды дамыту бойынша белсенді шаралар қабылдап отыр. Астана қаласы облыстың агроөнеркәсіптік кәсіпорындары үшін жақын маңдағы ең ірі өткізу нарығы болғандықтан, Кешенді жоспарда 63 ірі жобаны іске асыру көзделген, оның ішінде жылыжай кешені, екі көкөніс қоймасы, өндірістік кешен, үш ірі қойма және логистикалық орталық құрылысы. Қазіргі уақытта олардың 7-уі іске қосылу барысында.

Ақмола облысының әкімдігімен Астана нарығына жұмыс істейтін инвесторлар үшін жер телімдерін басымдық бере отырып бөлу туралы келісімге қол жеткізілді. Инвесторлар тарта отырып заманауи қоқыс жағу зауытын салу бойынша келіссөздер аяқталуда. Бұл зауыт жылу және электр энергиясын қосымша өндіретін болады. Аталған зауыт тәулігіне 1500 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар агломерация құрамына кіретін елді мекендердегі коммуналдық қалдықтарды жинау мен әкету ескерілді.

«Елорда мектептері мен колледждерінде Астана агломерациясының жақын маңдағы елді мекендерінен 10 мыңнан астам бала күнде келіп кетеді. Оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешу үшін облыспен шектесетін тұрғын алаптарда биыл әрқайсысы 2000 орынға арналған 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр, оның екеуі «Жайлы мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылмақ. Статистикаға сәйкес, қалалық стационарлардағы орындардың 17%-дан астамын басқа өңірлерден келген науқастар пайдаланады. Біз бүгінде қосымша денсаулық сақтау нысандарына қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан үшінші көпсалалы аурухана мен екі перинаталдық орталық салу мәселесі өзекті болып тұр», — деді Ж. Қасымбек. 

Оның айтуынша, екі перинаталдық орталықтың құрылысын жыл соңына дейін бастау (1 – жеке инвестор есебінен, 1 – Самұрық-Қазына есебінен) жоспарланып отыр. Үшінші көпсалалы аурухана бойынша жобалау биыл аяқталады, нысан құрылысы 2025 жылы басталмақ. Қала әкімі барлық жоспарланған іс-шараларды іске асыру әкімдіктің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив