ҚР ИИДМ-де жаңа Қала құрылысы кодексінің жобасы қаралды
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бастамасымен отандық құрылыс компанияларының қатысуымен жаңа Қала құрылысы кодексін әзірлеу мәселелеріне арналған кеңес өткізілді.
Аталған іс-шараға BI Group, Orda Invest, G-Park, SAT-NS және Nur Astana Kurylys компанияларының басшылары мен Қазақстан құрылысшылар одағының өкілдері жиналды.
Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин қатысушыларға қала құрылысы және онымен байланысты қатынастарды реттейтін жаңа нормативтік құқықтық актіні құру жөніндегі жұмысқа қатысты өзекті ақпаратты жеткізді.
Комитет басшысының айтуынша, бұл бағытта ведомствомен арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ және «ҚазЖолҒЗИ» АҚ мен «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ еліміздегі бизнес қауымдастықтардың өкілдері кірді. Бұдан басқа осы заң жобасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілгенін айта кетейік.
Қазір жұмыс тобы салалық заңнамаға, құқықтық мониторинг пен халықаралық тәжірибенің тиімділігіне талдау жүргізіп, сондай-ақ жаңа кодекс жобасының құрылымдық тұжырымдамасын дайындады.
Сондай-ақ аталған реформа мен ілеспе заңға реттеуші саясаттың консультативті құжатының жобалары әзірленіп, оған Әділет әрі Ақпарат және қоғамдық даму министрліктері оң баға берді. Тиісті қорытындыны қоғамдық талқылаудан өткізу үшін ол Нормативтік-құқықтық актілердің ашық деректер порталына орналастырылды.
Отандық бизнес қауымдастықтың ірі өкілдерімен болатын кездесулерден кейін Қала құрылысы кодексі жобасының бірінші нұсқасы әзірленеді деп көзделген.