Сенаторлар трансферттік баға белгілеу мәселелері туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар трансферттік баға белгілеу мәселелері туралы заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Қазақстанның негізгі экспорттық позицияларының баға белгілеуіне бақылауды күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, заң салық салынатын кірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін интерквартильдік ауқымды және баға диапазонының медианалық мәнін қолдану арқылы экспорттық бағаны төмендетуге жол бермейді.
Сондай-ақ отырыс барысында атап өтілгендей, құжат нормалары салық төлеушілердің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын төмендетуге арналған.
«Мемлекет басшысы трансферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстың бірі ретінде трансферттік баға белгілеу тетіктерін жетілдіруді көздейтін заң әзірленді. Заңда халықаралық іскерлік операциялар мен келісім-шарттар жасау кезінде кіріс ысырабын болдырмауға бағытталған қосымша ережелер қарастырылған. Сондай-ақ, капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтуге арналған түзетулер бар. Алдағы уақытта заң бұл салада мемлекет мүддесінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Қайрат Тастекеев PhD докторанттарының диссертациялық жұмыстарының сапасын бағалау критерийлерін қайта қарауды ұсынды. Материалдарды халықаралық басылымдарда жариялау процесі және рецензиялаудың қатаң талаптары жас ғалымдарға ғылыми жұмысты қорғау кезінде қиындықтар тудырады.
Советбек Медебаев Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы экологиялық жағдайдың нашарлауына назар аударды. Мәселені шешу үшін депутат Үйтас-Айдос жерасты су құбырының құрылысын жеделдетуді ұсынды.
Айгүл Қапбарова Үкіметке жолдаған сауалында ұлттық білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың артуына қатысты проблеманы көтерді. Осыған байланысты сенатор бюджетті қалыптастыру процесін автоматтандыру қажет екенін айтты.
Ғалиасқар Сарыбаев мектеп психологтарының санына байланысты нормативтерді олардың жүктемесі мен ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын ескере отырып, қайта есептеу қажет екенін айтты. Депутат ұсынған шаралардың қатарында психологтарға қазіргідей көмекші маман емес, негізгі мәртебе беру туралы бастама да бар.
Сенат отырысын қорытындылаған Мәулен Әшімбаев келе жатқан Халықаралық әйелдер күніне орай барша аруларды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
Суретті түсірген: Н. Байбулин