Бірінші вице-министр американдық Webster университетінің делегациясымен кездесті
Бірінші вице-министр Наталья Жұмаділдаева АҚШ-тағы Webster университетінің өкілдерімен кездесті. Тараптар инклюзивті білім беру мәселелері бойынша педагогтерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады.
Наталья Жұмаділдаева ерекшеліктеріне қарамастан барлық оқушылар үшін, достық және әрдайым қолдау білдіретін ортада білім беруді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Инклюзивті білім беру тек белгілі бір әдіс-тәсіл емес. Бұл әр оқушыға оның ерекшеліктеріне қарамастан тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған философия. Әрбір баланың оқу процесінде қолдау табуы өте маңызды, өйткені біз олардың болашағының алғашқы іргетасын қалаймыз», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Сондай-ақ мұғалімдердің ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге дайындығы және білім беру мекемелерінде инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға баса назар аударылды. Тараптар білім беру сапасын арттыру және білікті педагогтерді даярлау, оқушылардың барлық санаттары үшін білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге және тәжірибе алмасуға дайын екендіктерін білдірді.