Абай облысында алғаш рет «Аялы әже» форумы өтті
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде кеңінен аталып өтіп жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыздың онкүндігінде әкімдіктің қолдауымен Абай облысы ардагерлер кеңесі «Әжелер - ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» тақырыбында «Аялы әже» форумын ұйымдастырды.Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған форум жұмысына облыстағы қала және аудандардан 500 жуық адам қатысты.
Наурызнамадағы бүгінгі Шаңырақ күнінде өткен тағылымды форумды Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің студенттері «Абай жолы» романының театрландырылған қойылымымен ашты.
Ұлтымыздың ұлық қасиеттерін бойына сіңірген, асыл әжелеріміз ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастырып, отбасы құндылықтарын, салт-дәстүрді дәріптеуде. Осы мақсатта ерен еңбек жасап жүрген аға буын өкілдеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Шалқар Байбеков өз ризашылығын жеткізді.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығының сақталуына сүбелі үлес қосқан әжелер облыс әкімінің Алғыс хатарымен марапатталды.
Қазір Абай облысының ардагерлер кеңесі жанынан «Әжелер алқасы» құрылып, әдет-ғұрыптарды жандандыру, әже тәрбиесін жас ұрпаққа сіңіру, ана мен баланы қорғау бағытында жұмыстарды атқаруда.