Сенаторлар ЕАЭО елдеріндегі ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының алдын ала келіп түскен ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды мақұлдады.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алдымен, бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының алғашқы Төрағасы Өмірбек Байгелдінің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Айта кетейік, Өмірбек Байгелді Сенатта 16 жылдан астам уақыт еңбек етті. Ол Парламент Сенатының бірінші, екінші, үшінші және төртінші шақырылымында депутат болды.
Отырыс барысында сенаторлар Әбдірашид Жүкенов пен Зәуре Кейкібасованы Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босатты. Мемлекет басшысының ұсынуын қараған Палата депутаттары осындай шешім қабылдады. Ұсынылған кандидатуралар алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Мемлекет басшысының ұсынуын Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Денис Шипп жариялады.
Сонымен қатар Палата отырысында депутаттар «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісімге сәйкес философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты және ғылым докторы сияқты ғылыми дәрежелер туралы құжаттар растаусыз танылады. Мұндай құжаттардың иелері ғылыми дәрежесі үшін үстемеақы талап еткен жағдайда ерекшелік қарастырылған. Сондай-ақ заң нормалары ғылыми кадрлармен алмасуды ынталандыруға және ЕАЭО-ға мүше елдердің білім беру жүйелерін интеграциялауға, университеттер мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға арналған.
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Палата Төрағасы атап өткендей, қазіргі таңда қазақ-қырғыз қарым-қатынасы барлық салада қарқынды дамып келеді. Мақұлданған заң осындай тиімді байланыстың бір нәтижесі екені сөзсіз. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан аумақтарында авиациялық іздестіру және құтқару жұмыстарын жедел ұйымдастыруға, осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.