Қазақстандық делегация атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мақсатында Жапонияға барды
2024 жылғы 1-5 сәуір аралығында қазақстандық делеагация атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы қазақстандық-жапондық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Жапонияға сапар жасады.
Қазақстандық делегация құрамына Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Ядролық физика институты» РМК, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС және «МАЭК» ЖШС өкілдері кірді.
Сапар барысында қазақстандық делегация Жапонияның Сыртқы істер вице-министрімен, сондай-ақ Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігінің, Жапонияның атом энергиясы бойынша агенттігінің (JAEA), Ядролық реттеу басқармасының (NRA) өкілдерімен кездесті, онда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы одан әрі екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде тәжірибе алмасу, кадрлардың біліктілігін арттыру және даярлау мәселелері талқыланды.