Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Ақтөбе облысындағы шағын елді мекендердің су тасқынынан зардап шеккен тұрғындары аудан орталығына көшуге дайын

9-04-2024, 14:37 Мадина Айдарова

2024 жылғы 8 сәуірде вице-премьер Серік Жұманғарин су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ақтөбе облысы Ойыл ауданының тұрғындарымен кездесті. 

Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында қалып отыр. Ең көп зардап шеккен ауыл тұрғындары Ойыл ауылындағы үш эвакуациялық пунктіге орналастырылған. Вице-премьер эвакуациялық пунктілердің жай-күйін қарап, ондағы адамдардың талап-тілектерін тыңдады. Оларды, ең алдымен, залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты мәселелер қызықтырды. Серік Жұманғарин барлық ұсынысты Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.

Су тасқыны кезінде толығымен су басқан Екпетал елді мекеніндегі 48 және Жаңабастағы 19 үйдің тұрғындары жаңа үй салынып берсе, Ойыл ауданының орталығына біржола көшуге әзір екендерін жеткізді. Серік Жұманғарин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа осы және басқа да зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен көшудің барлық тетігі және мүмкіндіктерін талқылауды тапсырды. Ойылда үй салуға дайын, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жер учаскелері бар.

Келесі кездесу Саралжын ауылдық округіндегі Шикұдық ауылының тұрғындарымен болды. Мұнда 200-ге жуық адам тұратын 30 үй бар. Негізгі айналысатын қызмет түрі – мал шаруашылығы, ірі қара мал өсіреді. Қазіргі кезде ауылға қатынас үзілген, азық-түлік, қажетті тауарлар, жанар-жағармай тікұшақтар немесе қайықтармен жеткізілуде. Ауылда азық-түлік қоры бар, электр қуаты дизель генераторлары арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Шиқұдық тұрғындары вице-премьерге ауылды жарық және сумен жабдықтау мәселесін шешу, су құбырын ауылдан екі шақырым жерде орналасқан қазіргі уақытта жұмысы тоқтап тұрған ұңғымаға дейін жүргізу туралы өтінішпен жүгінді. Сондай-ақ тұрғындар ауылға жол салуды сұрады. Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев энергиямен жабдықтау желілері еріген қар суы азайған бойда қалпына келтіріле бастайтынын айтты. Вице-премьер көтерілген басқа да мәселелерді аудан және облыс басшылығының қарауына тапсырды.

Сонымен қатар вице-премьер Ойыл өзені арқылы өтетін, бүгінде жарамсыз болып қалған көпірді қарап, сол жерде ҚазжолҒЗИ мамандарымен қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау мүмкіндіктерін талқылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив