Cемей-13°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Сенаторлар депутаттар бастамашы болған ғылым және білім беру туралы заңды мақұлдады

18-04-2024, 17:52 Мадина Айдарова

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады. Сондай-ақ өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Жаңа нормалар ғалымдардың әлеуметтік кепілдіктерін жақсартуға және ғылымда қаржы ресурстарын пайдалануды оңтайландыруға бағытталған.

Палата Төрағасы заң Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында белгіленген міндеттерді іске асыру үшін әзірленгенін, сондай-ақ, оған Парламент депутаттары бастамашы болғанын атап өтті.

«Жаңа нормалар ғалымның мәртебесін көтеруге, ғылыми қызметкерлерді ынталандыруға және талантты жастарды ғылыми қызметке тартуға бағытталып отыр. Атап айтқанда, заң ғылыми-педагогикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мұғалімдердің негізгі жалақысына қосымша ақы белгілеуді көздейді. Сондай-ақ жетекші ғалымдарға ғылыми жұмыстарды аяқтау үшін ақылы шығармашылық демалыс алу құқығы қарастырылды. Мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға да жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беріледі. Мақұлданған заң отандық ғылымды және еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісім көліктің әртүрлі түрлерін пайдалана отырып, халықаралық жүк тасымалдарын жеңілдетуге, сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға арналған.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарады. Депутаттар бастамашы болған бұл құжат халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді. Нақты айтқанда, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстары үшін сотталған шетелдіктердің елімізге кіруіне және Қазақстан азаматтығын алуына шектеу енгізу қарастырылған. Одан бөлек, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салынады.

Талқылау кезінде сенаторлар заңды концептуалды тұрғыда қолдап, оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Осыған байланысты Сенат депутаттары ұсынған 11 түзетумен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды. Соған сәйкес қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі бейнебақылау жүйелерін және өзге де мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін, сондай-ақ, адам өзінің қызметтік бабын пайдаланып қылмыс жасаса, қылмыстық жауаптылық қатаңдатылып, жазаның баламалы түрлері алынып тасталады. Бұл норма қылмыстық-атқару жүйесінің, тергеу изоляторларының және уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлеріне қатысты екенін атап өткен жөн.

Одан бөлек, ішкі көшіп-қонуды ынталандыру мақсатында қоныс аударушыларға шаруа немесе ферма қожалығын жүргізу үшін конкурстан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге жерді жалға беру қарастырылған. Заң «қандас» мәртебесін беру рәсімін жетілдіруді де көздейді.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Әли Бектаев ауыл шаруашылығында асыл тұқымды жануарлардың азаюына алаңдаушылық білдірді. Депутат мәселені шешу үшін селекциялық-асыл тұқымды қызметтің ақпараттық базасының әлеуетін ғылыми негізде пайдаланып, импорттың қарқынын азайту керек екенін айтты.

Әсем Рахметова су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтардың шығынды өтеу туралы арыз беруі кезінде кездесетін мәселелерді көтерді. Сенатор рәсімдерді жеңілдету үшін бірқатар нақты шаралар ұсынды.

Ғалиасқар Сарыбаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі оқушылардың ҰБТ-ға дайындалу мәселесіне тоқталды. Осыған орай, депутат тиісті Министрліктер мен «Азаматтарға арналған үкіметті» аталған мәселелерді жедел шешу үшін тиісті шаралар қабылдауға шақырды.

Ләззат Қалтаева Үкіметтің назарын балалар арасында мүгедектіктің артуына байланысты проблемаға аударды. Сенатордың айтуынша, ерте кезеңде аурудың алдын алу және оның қаупін азайту үшін осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту қажет.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив