Қазақстан құрамасы робототехникадан Хьюстоннан жеңіспен оралды
Хьюстонда ең үлкен FIRST Championship чемпионаты аяқталды. Оған әлемнің 55-тен астам елінен 50 мың оқушы қатысты.
Биыл Қазақстан құрамасында FIRST LEGO LEAGUE EXPLORE кіші санатында Астана қаласыныдағы Quantum STEM School мектебінен IQ Robots командасы, FIRST LEGO LEAGUE CHALLENGE орта санатында - Шымкент қаласы Robopark мектебінен Shymside командасы, ал FIRST Tech CHALLENGE жоғары санатында - Алматы қаласындағы ФМБ НЗМ-нен Yaku командасы және Алматы қаласындағы РФММ-нен Bolt.M3 командасы болды. Биылғы құраманың нәтижелері:
6-10 жас аралығындағы бастауыш сынып оқушылары қатысатын IQ Robots командасы үздік таныстырылым және жоба идеясы үшін Best Poster Award номинациясында жеңіске жетті.
Жоғары сынып оқушыларынан құралған Bolt.M3 командасы Motivate Award беделді жүлдесін қанжығалады. Айта кету керек, бұл марапат өз елінде және одан тыс жерлерде STEM-ді танымал етуге үлес қосқан командаға беріледі.
Сондай-ақ, 10-16 жас аралығындағы оқушыларды біріктірген Shymside командасы жаһандық STEM қозғалысының маңызды критерийі болып табылатын FIRST бағдарламасының командалық рухы мен негізгі құндылықтарын көрсетті. Сонымен қатар, іс-шара ұйымдастырушылары Shymside командасын осы маусымға арналған деректі фильмге түсірді.
«Біздің балалар чемпионаттың барлық үш күнінде көшбасшылар қатарынан көрінді. Олардың алаңдағы ойындарын, жеңістері мен жеңілістерін көру, қазылар алқасының мүшелерімен сұхбатын кулуарда күту сәттері өте қызықты болды. Балаларымызда өте мықты роботтар, инженерлік жобалар, айдентика және негізгі құндылықтар бар. Біздің балаларымызды әлемнің түкпір - түкпірінен жиналған 50000-нан астам оқушы арасында байқамау мүмкін емес. Мәселен Bolt.M3 командасы иеленген жүлде ТМД елдерінің арасындағы мұндай алғашқы марапат» - дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «USTEM Foundation» қоғамдық қоры мен «Дарын» РҒПО ұйымдастырған Central Asia FIRST Championship Орталық Азия чемпионатының нәтижесі негізінде жасақталған болатын. Чемпионатта жеңіске жеткен оқушылар әлемдік жоғары оқу орындарындағы стипендиялар мен гранттарға қол жеткізуге мүмкіндік алады.