Қазақстан трансауған темір жол құрылысына қатысуға дайын
Қазақстандық делегацияның Ауғанстанға сапарындағы негізгі мәселелердің бірі – бірлескен көлік мүмкіндіктерін кеңейту. Қазақстан және Ауғанстан премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Абдулании Барадардың 24 сәуірде өткен кездесуінде тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны интеграциялау жобаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытты.
Атап айтқанда, қазақстандық тараптың трансауғандық дәлізді дамыту жобаларын: Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар және Герат – Кандагар – Спин-Булдак темір жолдарын салу жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуға дайындығы белгіленді. Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстан темір жолдың жоғарғы құрылысына арналған материалдарды, өз өндірісінің шпалдары мен бекіткіштерін жеткізу арқылы трансауған магистралінің құрылысына қатысуға дайын.
Соңғы үш жылда Қазақстаннан Ауғанстанға экспорттық тасымалдау көлемі тұрақты түрде өсіп келеді: 2023 жылы темір жол арқылы тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 млн тоннасы – ұн және астық. Бұл 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 14%-ға көп. Алдағы жылдарға арналған болжам – экспорттың 40%-ға ұлғаюы. Бұл ретте 2030 жылға қарай тасымалдардың 3 есе өсуі күтілуде.
Тараптар сондай-ақ елдер арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстан мен Ауғанстанның авиациялық билігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде Тараптардың авиатасымалдаушылары аптасына 3 тұрақты жолаушылар жүк рейстерін орындауға құқылы. Қазақстандық тарап бұл мәселені Ауған авиакомпанияларынан өтінімдер түскен кезде қарауға дайын.
Өткен кездесуде «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері экспорттық және транзиттік жобаларды таныстырды.
«Бүгінде Қазақстаннан Өзбекстан, Ауғанстан, Пәкістан арқылы және одан әрі теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жаңа мультимодальды экспорттық бағыттарды ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба басталды. Жаңа бағыт KTZ Express-тің қатысуымен ұйымдастырылды. Экспорттаушы – қазақстандық Bio Synergy co, жүктерді жеткізу бойынша серіктес – пәкістандық National Logistics Cell (NLC). Қазіргі уақытта Павлодар облысында жүк тиеу басталды. Бұл – алюминий силикатты қуыс микросфера. Алматыда жүк контейнерлерге тиеліп, пәкістандық серіктес машиналарына ауыстырылады. Әрі қарай автокөлікпен Өзбекстан мен Ауғанстан арқылы Пәкістанның Карачи портына дейін жеткізіледі. Ол жерден екі контейнер теңіз арқылы БАӘ-дегі Джебель-Али портына дейін жөнелтіледі», — деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров.
Оның айтуынша, жүктерді межелі жерге жеткізудің күтілетін мерзімі-шамамен 20-25 күн. Пилоттық жобаны сәтті іске асыру кезінде осы бағыттың белсенді дамуы және жаңа бағыт бойынша жүк ағынының едәуір көлемін тарту күтіледі.
Сол күні Серік Жұманғариннің Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Амир Муттакимен және сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизимен кездесулері өтті.