Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
499.51 525.83 4.62

Сенаторлар Өзбекстанмен одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау жөніндегі заңды мақұлдады

26-04-2024, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралып, депутаттық сауалдар жолданды.

Отырыс барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Парламент депутаттарының бастамашы болуымен әзірленді. Қабылданған шаралар көздейтін маңызды міндеттердің бірі тарихи сананы жаңғыртуға, Қазақстан азаматтарының ұлттық бірегейлігін нығайтуға және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға ықпал ету екенін атап өткен жөн.

Жаңа нормаларға сәйкес «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру қарастырылған.

«Мақұлданған заң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша әзірленді. Мемлекет басшысы «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырларының есімдерін беруді ұсынған еді. Мұндай шешім көрнекті тарихи тұлғаларымызды дәріптеуге және жастардың әскери-патриоттық рухын көтеріп, оларды отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпал етері анық», – деді Палата Спикері.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Шарт негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге арналған.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстанның одақтастық қарым-қатынасы тарихи бауырластыққа, өзара сенімге және ортақ құндылықтарға табан тірейді. Құжаттың ережелері бойынша тараптар екі мемлекеттің Парламенттері, саяси партиялары және қоғамдық ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, Шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан Мемлекет басшылары басқаратын Жоғары мемлекетаралық кеңес құрады. Ол Кеңестің қызметін үйлестіру Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне жүктеледі.

«Өзбекстан – Қазақстанның сенімді одақтасы әрі маңызды серіктесі. Екі ел басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары мен келісімдері екіжақты қарым-қатынастарға үнемі тың серпін береді. Бүгін қаралған заң – өзара сенімге негізделген осындай диалогтың нәтижесі. Бұл құжат мемлекеттеріміз арасындағы ықпалдастық мәселелерінің кең ауқымын қамтиды және көптеген саладағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайта түседі. Алдағы уақытта Шарт бауырлас қазақ-өзбек қарым-қатынасын сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңдар қаралып, мақұлданды. Келісімде ТМД елдерінде санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлармен тиімді күресу үшін тиісті шаралар қарастырылған. Ал, Хаттама мұқтаж елдердің дәрілік заттарға қолжетіміділігін қамтамасыз етуді көздейді. Аталған құжат Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге патенттелген дәрілік заттардың авторлық құқық иесінің рұқсатынсыз дәрілік заттарды әрі қарай экспортқа міндетті лицензиялар бойынша өндіруге құқық береді. Алайда, дәрі-дәрмек өндірісі тек денсаулық сақтау мақсатымен ғана жүргізілуі керек.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Арман Өтеғұлов су тасқынының салдарына назар аударып, егіс науқанына дайындық барысына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат Премьер-Министрге шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығы ұйымдарының алдында тұрған мәселелерді жедел шешудің маңызды екенін айтты.

Нұртөре Жүсіп жол бойындағы аумақтарды абаттандырудың жеткіліксіз деңгейде екеніне тоқталып, мәселеге Үкіметтің назарын аударды. Сенатор «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 5 облыстық филиалында ғана ағаш отырғызу учаскелері бар екенін, басқа өңірлерде бұл жұмыстар жүргізілмейтінін атап өтті.

Дархан Қыдырәлі ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы жағдайға тоқталды. Депутат қазақстандықтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізуді, сондай-ақ, қандастар үшін квоталардың санын көбейтуді ұсынды.

Талғат Жүнісов адал еңбек етіп жүрген шаруалардың жерді жалға беру мерзімін ұзарту мәселесін көтерді. Депутаттың айтуынша, жер телімдерінің шекті өлшемдері бойынша нормативтердің болуына байланысты шаруалар учаскелерінің бір бөлігін жоғалтуы мүмкін.

Суретті түсірген: Н. Байбулин

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив