Қамыстан өнім алған Мұқағали
Қарауыл ауылындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатының 9-сынып оқушысы Мұқағали Нұрлыбекұлы суда өсетін кәдімгі қамыстан құнды өнімдер алуға болатын қызықты тәсіл ұсынып отыр.
Мұқағали жетекшісі, химия пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Айдос Сайлаубековпен бірге натрон әдісімен қамыс өсімдігінің сабағынан целлюлоза алуға қол жеткізіпті. Яғни, кәдімге целлофан материалдарына ұқсайды. Ол үшін алдымен, қамысты кесіп, жуып алған соң, оны қайнатқан. Одан түзілген қоспаны сүзгіден өткізіп, ұсақтап тураған екен. Сондай-ақ жас өнертапқыш қамыстан алынған целлюлоза өнімінің механикалық қасиеттері жағынан ағаштан өндірілетін қағаздан кем түспейтінін анықтаған.
Ізденісінің нәтижесінде Мұқағалидың қамыстан пульпекартон да жасап, одан жұмыртқа салатын лоток жасағаны да таңғалдырады. Қамыс сабағынан алынған целлюлозаны мектеп зертханасында пульпекартон алу үшін сынақтан өткізгені де бір қызық. Жұмыртқа салатын қорапшаның матрицасы 3D модельдеу арқылы робототехника зертханасында жасалды. Алынған модельге кептірілген целлюлозаны тағы да ұсақтап, крахмал ертіндісін қосып, қалыпқа құйып және кептірді. Нәтижесінде пульпекартон алды.
Республикалық жобалар байқауынан биыл бірінші орын алған Мұқағали осы жобаны ары қарай жалғастырып, тағы да мүмкіндіктерін зерттеп көрмек.