Cемей26°С
Ауа-райы
  • Абай-33°С
  • Аягөз-39°С
  • Ақсуат-33°С
  • Бородулиха-26°С
  • Қалбатау-31°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-33°С
  • Үржар-30°С
443.44 480.51 4.88

Қорғаныс министрі Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне орден-медальдар табыс етті

6-05-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамды Отан қорғаушы күнімен құттықтап, мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырды.

Салтанатты шараға қорғаныс ведомствосының басшылығы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектерінің қолбасшылары, әскери бөлімдердің командирлері, әскери қызметшілер мен азаматтық персонал қатысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы күштердің елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғаудағы маңыздылығын атап өтті.

– Бұл тапсырмалардың сәтті орындалуы барлық бөлімшелердің кәсіби дайындығына, үйлесімділігі мен жауынгерлік рухына байланысты. Кешегі табиғи апатқа қарсы күресте әскери қызметшілер алдыңғы қатарда болып, зардап шеккендерді эвакуациялауға қатысты. Жүктерді жеткізіп, бөгеттер салды. Біз армия еліміздің сенімді тірегі екенін тағы да бір дәлелдей алдық, –деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.   

Қорғаныс министрі жанқиярлық қызметі және алға қойған міндеттерді мүлтіксіз орындаған үшін бірқатар әскери қызметшілерге салтанатты жағдайда мемлекеттік наградалар тапсырды.

Жалпы, армияның жауынгерлік дайындығын арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін Президент Жарлығымен 29 адам марапатталды. Оның ішінде 10 адамға орден, 17 адамға «Жауынгерлік ерлігі үшін», 2 адамға «Ерен еңбегі үшін» медальдері берілді.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов І дәрежелі «Даңқ» орденіне, әскери бөлім командирі генерал-майор Қанатай Далматов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ие болды.

30212 әскери бөлімінің командирі полковник Сәбит Үркінбаевқа, Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Нұрмахан Құдайбергеновке, 32039 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары полковник Ұлықбек Саққа, Бітімгерлік операциялар орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллинге және 10228 әскери бөлімінің командирі подполковник Ғани Сейдәзімовқа ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.

ҚР Қарулы күштері Бас штабы Сержанттық құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары шебер-сержант Болат Жайсанбаев және Бітімгерлік операциялар орталығының нұсқаушы-сержанты бірінші дәрежелі сержант Нұрлан Әйтімов ІІІ дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды. 

«ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМҚК бас директоры отставкадағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов «Құрмет» орденімен марапатталды.

Президенттің «Жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру туралы» Жарлығымен Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіровке генерал-лейтенант», Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы Дәурен Қосановқа «авиация генерал-лейтенанты» әскери атағы берілді.

Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы Бауыржан Ибатулин, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы Қайрат Даутов және «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Ержан Ибраев «генерал-майор» әскери атағына ие болды. Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары Ержан Нілдібаевқа «авиация генерал-майоры» әскери атағы берілді.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрінің бұйрығымен 39 әскери қызметші ведомстволық «Ел қорғаны» медалімен марапатталды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар кезеңінде ерекшеленген  мерзімді қызметтің 31сарбазы «Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің үздігі» төсбелгісімен наградталды.

Үлгілі қызметі және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін қорғаныс ведомствосы басшысының бұйрығымен 60 Отан қорғаушыға мерзімінен бұрын әскери атақтар берілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив