Жүк автомобильдерінің қозғалысы көліктік бақылау органдарының назарында болады
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Астана қаласында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату бойынша жұмыстар аяқталды
Бұл Қарағандыдан, Қорғалжын, Қарқаралы, Алаш, Тілендиев және Қосшы тас жолдарынан Астана қаласына кіреберіс жерлер. Қазіргі уақытта аталған өлшеу станциялары талап етілетін техникалық және метрологиялық нормаларға сәйкестігіне тексеріліп жатыр. Тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін қалаға кіретін барлық жүк көлігі адамның қатысуынсыз автоматты түрде өлшенетін болады.
Айта кетерлігі, 2022 жылғы желтоқсанда автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және жұмыс істеу тәртібін айқындайтын Заң қабылданды. Жергілікті жолдарда станцияларды орналастыру жергілікті атқарушы органдарға, ал республикалық жолдарда «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға жүктелген.
Заң жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын автомобильдерді өлшеу станциялары арқылы өтуге міндеттейді, ал айналма жол арқылы жүріп өту немесе өлшеуден бас тарту сәйкесінше тіркеліп отырады. Бұл ретте Заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Өлшеу жұмыстары көлік құралдарының қозғалысы кезінде жүзеге асырылады.
Бұзушылықтарды тіркеу және айыппұл салу «Сергектің» көмегімен автоматты түрде ресімделетін болады.
Тасымалдаушыларды ұялы айыппұлдар туралы телефон арқылы жедел хабардар ету мақсатында Көлік министрлігінің ақпараттық жүйесін ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитетінің жүйесін интеграциялау арқылы көлік саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік іс жүргізу процесін автоматтандыруды іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Министрлік аталған шараларды жүзеге асыру арқылы автомобиль жолдарының мерзімінен бұрын бұзылуы мен тозуын болдырмау, ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының қозғалысын сапалы бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде орын алып отырған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мәселелерін шешуге ниетті.