Ұлы мамандық иесі
Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Тіпті зәру. Әр күн сайын өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз.
Қолыңа диплом алғаннан кейін, аспирант, докторант, магистрант, студент болып кірген күніңізден бастап университет қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де оқытушылар қауымы.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім.
Мен бұрынғы Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының 2003 жылғы «мал дәрігері» мамандығы бойынша түлегі Койгельдинова Айнур Сембаевна, өзімнің ғылым жолындағы белестен сүрінбей өтуге ақыл- кеңесін, пікірін берген ғылыми жетекшім, ұстазым Дүйсембаев Серғазы Тұрлыбекұлы - ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі туралы айтқым келіп отыр.
«Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ, бұрынғы Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі, ғылыми мектеп қалыптастырған, факультетіміздің мақтанышы Дүйсембаев С.Т. 1954 жылы туған, 1981 жылы «мал дәрігері» мамандығы бойынша Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік аяқтайды. Институтты бітіргеннен кейін 1981-1985 жылдар аралығында Семей облысының Шар ауданының малдәрігерлік станциясының мал дәрігері, «Кезеңсу» совхозының бас мал дәрігері болып жұмыс істеді. 1983 жылы Шар ауданының «ең үздік мал дәрігері» атанды.
Дүйсембаев С.Т. Шәкәрім атындағы СМУ-дің кафедра ассистентінен бастап университет проректорына дейін көтерілді. Ұстаздық қызметін ғылыми және қоғамдық қызметпен ұштастыра білді. Бірнеше жылдар бойы деканның орынбасары, факультет деканы, кафедра меңгерушісі қызметтерінде болды, 2004 жылдың мамырынан бастап Шәкәрім атындағы СМУ-дің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, 2008-2011 жылдар аралығында тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры болып қызмет атқарды. 2011-2021 жылдың аралығында «Радиоэкологиялық зерттеулердің ғылыми орталығы» инженерлік бейіндегі аймақтық сынақ зертханасының директоры қызметін атқарды. 2021 жылдан бастап «Ветеринария және агроменеджмент факультеті», «Ветеринария» кафедрасың профессоры қызметін атқаруда.
Ғылыми зерттеулер нәтижесінде 400 ғылыми жұмысы жарық көрді, оның ішінде 3 монография, ауылшаруашылық малдарының инвазиялық ауруларын анықтау, ветеринариялық-санитариялық сараптау және өнім сапасы салалары бойынша 5 оқулық, 5 оқу құралы, 10 әдістемелік нұсқаулықтар мен ұсыныстар, 31 патенті және өнертапқыштыққа арналған 1 авторлық куәлігі бар. Алғаш рет эймерия қоздырғыштарының 4 түрін (Еіmегіа саtonі, Е. usсаmеnі, Е. сulageri и Eіmеrіа sр.) ашып, сипаттап жазды.
2004 жылдан бастап Қазақстан Республикасындағы 03.00.05 – экология (биологиялық және ауылшаруашылық ғылымдары бойынша) мамандығы бойынша докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі біріктірілген Диссертациялық Кеңестің мүшесі.
Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті 1994-1996, 1996-1998 және 2012-2014 жылдарға ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру гранттарының иегері.
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 2003 жылғы «Жылдың үздік ғалымы» дипломының иегері.
Республикасының білім және ғылым министрлігінің ғылымы мен техникасының жетілуіне елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандарға арналған 2010-2012 жылдардағы мемлекеттік стипедияның иегері.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйғарымымен 2011 жылдың «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, Казахстан.Республикасының білім беру ісініңҚұрметті қызметкері.
2003 жылдан бастап күндізгі және сырттай оқитын 7 аспиранттың, 21 магистранттың ғылыми жетекшісі, оның 5 кандидаттық, 2 PhD докторлық және 20 магистрлік диссертация қорғады. Серғазы Тұрлыбекұлының жетекшілігімен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Д 18.01.01 диссертациялық кеңесінде, әр түрлі «Жылқы, марал, құстардың аралас инвазиясымен зақымданған сойыс өнімдерінің сапасы» атты тақырыптары бойыншаСейткамзина Д.М., Джусупбекова Н.М., Ермухаметова Ж.Ж., Зайковская О.Н., Койгельдинова А.С. сәтті қорғап, мал дәрігерлігі ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Қазіргі таңда шәкірттері С.Сейфуллин агро-техникалық университеті, С.Торайғыров атындағы университеті, ғылыми зерттеу институы мен Шәкәрім шаңырағында өз жұмыстарын сәтті жалғастыруда. Осы жылы (2023) А.Б. Жексенаева және Ш.Қ.Сүлейменов С.Сейфуллин агро-техникалық университетінің, диссертациялық кеңесінде PhD ғылыми дәрежесін ойдағыдай қорғап келді.
Мамандық көп. Соның ішінде өзіміз тәмәмдаған «мал дәрігері» мамандығымен мақтанамыз. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, беделді азамат, Президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз.
Shakarim University
«Ветеринария» кафедрасының аға оқытушысы,
в.ғ.к. Койгельдинова Айнұр