Сенаторлар ЕАЭО елдерінің кәсіпорындары арасындағы кооперациялық байланыстарды кеңейту туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыста депутаттар «1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады. Бұл құжат екі елдің азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ, азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуде өзара ынтымақтастықты дамытуға арналған.
Атап айтқанда, заңда Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтінішхаттарын орындау саласында заң көмегін көрсету бойынша сот органдарының функцияларын нақтылау және екі тараптың құзыретті мекемелерін өзектендіру көзделген.
Сонымен қатар Палата отырысында «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң мақұлданды.
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.
Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникалары үшін утильалымды алып тастауды ұсынды. Өйткені аталған міндетті төлемге байланысты көптеген шаруа жаңа тракторлар мен комбайндар сатып ала алмай келеді. Соның салдарынан егіс алқаптарында техника тапшылығы артып отыр. Ал, бар техниканың өзі ескіріп, тозығы жеткен.
Андрей Лукин елімізде сирек металдар өндіру өнеркәсібінің тиімді дамуына қажетті инфрақұрылымның болмауы мен кадр және инвестиция тапшылығы кедергі келтіріп отырғанын айтты. Осыған байланысты депутат жер қойнауын геологиялық барлауға лицензия беру процесін жеңілдетуді, кейбір сирек және сирек жер металдарының баланс қорларына қолжетімділікті ашуды ұсынды.
Дархан Қыдырәлі Халық шаруашылығы (Нархоз) университеті жекенің қолына өткен кезде оқу орнынан Тұрар Рысқұловтың есімі алынып тасталғанын айтып, Үкіметті білім ордасына қайраткер тұлғаның атын қайтаруға ықпал етуге шақырды.
Евгений Больгерт интернет-алаяқтықтың артуына және қазақстандықтардың жеке деректерінің көпке жария болу фактілерінің жиілеп кеткеніне назар аударды. Осыған орай депутат киберқылмыспен күресуге бағытталған маңызды шараларды ұсынды.
Амангелді Толамисов Жетісу облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін және мерзімінің ұзаққа созылатынын айтты. Сондай-ақ сенатор «Жалаңаш-Саты-Көлсай көлі», «Көкпек-Кеген-Түп», «Кеген-Нарынқол» және басқа да жол учаскелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Бибігүл Жексенбай биылғы су тасқынының салдарын ескере отырып, жеке мүлікті сақтандыру тәжірибесін қолдануды арттыру қажет екенін тілге тиек етті. Депутаттың айтуынша, мұндай тәсіл тәуекелдерді азайтып, табиғи апаттардан кейінгі залалды қалпына келтіруге жұмсалатын шығындардың айтарлықтай бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.