Оқыту және жұмысқа орналастыру. Өңірлерде астаналық «Jol Tap» бағдарламасы енгізіледі
Астанадағы «Jol Tap» бағдарламасына ұқсас арнайы жобалар бірқатар өңірлерде жүзеге асырылатын болады. Жастарды жұмыспен қамту жөніндегі мәселелер ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.
Жобаның мақсаты – жұмыссыз азаматтарды тауып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандырып, ақысыз негізде қысқа мерзімді оқудан өтуге және жұмысқа тұруына көмектесу. Мұнда ұйымдастырушылар кеңес алуға келушілерді күтпей, керісінше, сауда орталықтары, базарлар секілді адам қарасы көп орындарға өздері шығады. Онда мамандар мемлекеттік қолдау және жұмыспен қамту жөнінде мағлұмат береді.
Қазірде Алматыдағы барлық ауданында кеңес беру нүктелері ашылған. Одан бөлек, тағы «Aport Mall East», «MEGA Pаrk» пен «ATAKENT Mall» секілді сауда орталықтарында ашу жоспарланған. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша бағдарлама 25 мамырда іске асырыла бастайды.
Шымкент әкімдігі жобаға әзірлік аясында барлық 5 ауданда кеңес беру пункттері ұйымдастырылғанын атап өтті. Мұнда бағдарламаның операторы ретінде Жастар ресурстық орталығы белгіленді.
Ақтөбе қаласында «Анаға тағзым» орталығы, облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтары базасында 3 пункт әзірленді. Жоба 1 шілдеде жүзеге асырыла бастайды.
Қарағанды облысында жоба аясында жергілікті кәсіпорындардың кадр сұранысы бойынша мәлімет жинақталуда. Сонымен қатар колледждермен жұмысшы мамандықтарды жеделдетілген бағдарлама бойынша меңгерту жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. 3 кеңес беру пункттері облыс орталығында, тағы біреуі Теміртауда жұмыс істейді. Одан бөлек, ірі сауда орындарына азаматтарға кеңес беру үшін мобильді топтар баратын болады. Жоба 15 маусымда іске қосылады.
«Басты назар жастарға аударылуы керек. Бұл жоба жұмыспен қамту орталықтарының бәсекелесі болуы қажет. Біздің басты мақсат – азаматтардың жұмыс табуына не өз кәсібін ашуына жәрдемдесу. Бұл істе адамдарға түсінікті түрде ақпарат жеткізу маңызды. Сондықтан кеңес беру пункттерінің мамандары бұл талапқа сай болуы керек. Әкімдіктер аталған жобаның жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.