Қазақстанда әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен CISM әлем чемпионатын өткізу жоспарлануда
Танзания астанасы Дар-эс-Саламда CISM халықаралық әскери спорт кеңесінің 79-шы Бас ассамблеясы мен конгресі өтті.
Әлемдегі ең ірі пәнаралық спорт ұйымдарының бірі саналатын Conseil International du Sport Militaire 140 елдің әскери қызметшілерін біріктіреді. Ұйымның «Спорт арқылы достық» деген ұраны CISM-тің негізгі мақсаты бейбітшілікті нығайту құралы ретінде Қарулы күштер арасындағы спорт пен дене шынықтыруды дамыту екенін көрсетеді.
Жиынға қатысушылардың баяндамаларында спорттың дипломатиялық құрал ретіндегі ықпалына және спортты дамыту стратегияларына баса назар аударылды. Сонымен бірге 2025 жылға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту мәселелері талқыланды.
ҚР ҚМ Спорт комитетінің төрағасы – Орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов қазақ күресінен әскери қызметшілер арасында CISM бірінші Әлем чемпионатын 2025 жылғы жоспарға енгізу мәселесі бойынша баяндама жасады. Ол қазақ күресінің тарихы туралы айтып, мұндай турнирді ұлттық спортты дамыту және қазақ күресін әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Ең көне ұлттық спорт түрі әрі халқымыздың мәдени құндылығы ретінде балалар мен жастар арасында кеңінен танымалдығына және бүкіләлемдік ЮНЕСКО ұйымы мойындағанына тоқталды.
Конгресс пен ассамблея аясында Түркия, Қытай, Оңтүстік Кореяда Қазақстан Қарулы күштерінің дене шынықтыру және спорт мамандарын оқыту мен біліктілігін арттыру туралы алдын ала уағдаластық та бар.