Оқу-ағарту министрі қазақстандық оқушыларды 2023-2024 оқу жылының аяқталуымен құттықтады
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде бір мезгілде «Білімім - Отаныма» бірыңғай сынып сағаты өтті. Сынып сағатының аясында министр барлық мектеп оқушыларын 2023-2024 оқу жылын табысты аяқтауларымен құттықтады.
Ғани Бейсембаев Бірыңғай сынып сағаты - бір жылда атқарылған жұмысты қорытындылап, балалардың өз мұғалімдеріне, мектеп ұжымына, ата-аналарына алғыс айтуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Сіздердің еңбекпен алған білімдеріңіз Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің белгісі! Бүгін сіздермен бірге еліміздегі төрт миллионға жуық оқушы келесі сыныптарға ауысады. Бір жылда сіздер есейіп, оқуда, шығармашылықта, спортта үлкен жетістіктерге жеттіңіздер. Осы оқу жылында біздің оқушылар 10 халықаралық олимпиадада 243 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 20 алтын, 95 күміс, 128 қола медаль бар. Сіздердің әрқайсыларыңыз өз нәтижелеріңізбен мақтана аласыздар! Сіздерді шын жүректен құттықтаймын және мұнымен тоқтап қалмауларыңызды тілеймін!», - деді ол өз құттықтауында.
Министр сондай-ақ су тасқынымен күресте алдыңғы қатарда болып, көмекке жұмылған қазақстандық педагогтерге алғысын білдірді.
«Қиындықтарға мойынсұнбай, балаларымызды оқытуды жалғастырдыңыздар, мектептерді құтқарып, мұқтаж жандарға қолдау көрсеттіңіздер және ағартушылық миссияны адал атқардыңыздар. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен ұстаздық кәсіпке адалдықтарыңыз үшін ең шынайы ризашылығымды білдіремін!», - деді Ғани Бейсембаев.
Сөзін қорытындылай келе, министр мектеп, колледж бітіруші түлектерге алдағы емтихандарда сәттілік тіледі. Айта кету керек, 2023-2024 оқу жылын 3,8 млн-нан астам оқушы аяқтауда. Оның ішінде 186 мыңнан астам 11-сыныпты бітіруші бар. Сондай-ақ 150 мыңнан астам колледж бітіруші диплом иеленіп, толыққанды маман болады.