Абай облысының түлектері «Батылдық қорабы» акциясын өткізді
2023-2024 оқу жылында Абай облысының 5 мыңға жуық түлегі мектеппен қоштасты. Биылғы «Мектебім, саған мың алғыс!» сынып түлектеріне арналған «Соңғы қоңырау» жиыны түрлі форматта өтті.
Семей қаласының бірқатар мектеп түлектері қызықты квест ойындарын, сыр-сұхбат алаңдарын ұйымдастырса, біразы «Мектебіме мың алғыс» челленджін бастады. Басқа аудан түлектері «Мен. Мектеп. Ұстаз» бейнероликтер ұсынып, «Шынайылық сағатын» өткізді, мектепте өткен балалық шаққа саяхат жасады. «Ұрпақтар сабақтастығы» дәстүрлі өтетін бұрынғы түлектермен кездесуде диалогтік алаң ұйымдастырылды. 11-сынып оқушылары есте қалған естеліктерін, жылы сәттерін және болашақ туралы армандарын бөлісе алды.
Ал дарынды балаларға арналған Ш. Уәлиханов атындағы «Жас Ұлан» мамандандырылған ерлер мектеп-лицей-интернатында шар ұшыру орнына дүниежүзілік «Батылдық қорабы» акциясы өткізілді. 44 түлек мектеппен қоштасуда 44 ойыншық қорапқа салды. Енді түлектер оңалтудан өтіп жатқан церебральды сал ауруы бар балаларға осы ойыншықтарды сыйламақ.
Семей қаласындағы №19 мектеп түлек ата-аналары мектептегі инклюзия кабинетіне жұмсақ орындықтар мен принтер тарту етті.
Облыс түлектері биыл соңғы қоңырауды жылулық және шынайылық атмосферасында барынша қарапайым, жеңіл форматта ұйымдастырды. Ән айтып, өлең оқып, мектепке, ұстаздарына алғыс айтып, соңғы вальс әуеніне биледі.