Қарулы күштерде Алғыс айту күні аталып өтілді
Өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің барлық құрамалары мен әскери бөлімдерінде достықтың, ізгіліктің, бейбітшілік пен бірліктің құндылықтарын көрсететін мереке атап өтілді.
Елордалық десанттық-шабуылдау құрамасының басшылығы атынан «Алдаспан» батальоны командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары майор Дәулетхан Садыханов жеке құрамды құттықтады.
Ол Алғыс айту күнінің басты идеясы адамгершілік мұраттарға бірлік, өзара қолдау көрсету және адалдыққа негізделетінін атап өтті.
Өз кезегінде, елордалық десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері взвод сержанттары аға сержант Александр Богданов пен аға сержант Тоқтар Туғанов командирлерге, әріптестеріне алғыстарын білдіріп, оларға қызметте табыс және отбасылық амандық тіледі. Ал қатардағы жауынгерлер Тагир Дәуірбеков пен Василий Терначук «Отбасымен бейнеконырау» бейнесервисінің көмегімен ата-аналарымен байланысқа шығып, олардың тарапынан көрсетілген қамқорлық пен түсіністікке, мейірімділік пен қолдауға алғыс айтты.
Әр жылдары қазақ даласына жүздеген мың түрлі ұлт өкілдері жер аударылғаны мәлім. Ауыр сынақтар кезінде қазақтың киіз үйі оларға құтты қоныс, жылы баспана болды. Аға буын өкілдері жергілікті тұрғындардың өздері аса мұқтаж бола тұра, қолындағы барымен қалай бөліскені жайлы әңгімелейді.
Бүгін қоғам оң қабылдаған бұл мереке достық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететін жаңа сипатқа ие болуда.