Семейде аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары жалғасуда
Семейде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. 15-шағын аудандағы 18/1 көшесінде, Крестьянская 43, 45 көшелерінде, сондай-ақ Өтепбаев 3, 5, 7 көшелерінің аула аумақтары қарқынды жөнделуде.
Айта кетейік, 2023 жылы 71 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы қаланың 46 аула аумағын абаттандыру жұмыстары, оның ішінде халық қатысатын бюджет бойынша 14 ауланы жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ 4 қоғамдық кеңістік абаттандырылады.
Аулалардағы спорт алаңдары жаңартылып, футбол алаңдарын салу, жаяу жүргіншілер жолақтарын ауыстыру, сондай-ақ жарық орнату, гүлдер мен көшеттер отырғызу қарастырылған.
Қазіргі уақытта абаттандыруға жататын аула аумақтары комиссия шешімімен анықталды. Комиссия құрамына әкімдіктің дербес бөлімдерінің басшылары, депутаттық корпус және қоғамдық кеңестің өкілдері кірді.
Сондай-ақ, қала аумағын абаттандыру аясында орындықтар мен қоқыс жәшіктерін жөндеу, сондай-ақ қоғамдық орындарға жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары жүргізіледі.