Қаракезең таңбалы тастары – құнды тарихи мұра
Қаракезең таңбалы тастары немесе Қаракезең петроглифтері – қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер. Абай облысыКөкпекті ауданы Көкпекті ауылынан Биғаш ауылына апаратын жол бойында, ауылдан 4 шақырым жерде. Қалба тауларының Қаракезең асуындағы жартастарда орналасқан.
Бұл таңбалы тастарды бірқатар ғалымдар зерттеген. Олардың қатарында елімізге белгілі ғалымдар Әбдеш Төлеубаев, Ерден Оралбай, белгілі қаламгер Қалихан Алтынбаев бар. Жергілікті өлкетанушы Қайрат Малғаждаров тарихи құнды жәдігерлердің анықталып, мемлекет қорғауына алынуына көп еңбек сіңірді. Қаракезең және Қаракезең 2 таңбалы тастары Көкпекті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімімен есепке алынып, мемлекет қорғауына енгізілген.
Суреттердің жалпы саны 250-ден астам. Негізгі суреттемеде аңшылық, жаугершілік тақырыптары және жан-жануарлар тіршілігі бейнеленген. Қос аяқты ат, өгіз және тұсаулы түйе, күн көтерген адам, соғыс және шаруашылық арбалары кездеседі.
Сақ заманының петроглифтерінде жабайы аңдардың, жануарлардың бір-бірімен айқасқан қимылдары арқылы заманның шым-шытырық оқиғаларын зооморфтық ерекше кодтар арқылы көрсетіп тұр. Аспан астындағы мұражай деп зор сеніммен айтуға болатын тарихи ескерткіш біздің замаңыздан бұрын 1–2- мыңжылдыққа жатады.
Таңбалы тастағы суреттерден сол замандағы адамдардың салт-дәстүрін, жүргізген шаруашылығын, өнерімен мәдениетін білуге болады. Қара тасты сөйлеткен ғалымдар тіпті сол дәуірлерді сипаттағанда таңбалы тастардағы оқиғалар мазмұнына сүйенеді екен. Қазақстан аумағында кездесетін суреттер біртекті болғанымен, уақыт ерекшелігіне байланысты әр заманды әрқилы суреттейді.
Ел тарихынан, көшпенділер өмірінен сыр шертетін құнды мұра болып табылатын таңбалы тастарды қорғау, бұзбай сақтау – ұрпақ парызы. Қаракезең шатқалы аумағында орналасқан ашық аспан астындағы жәдігерлер аудан тарихынан лайықты орын алатын құнды тарихи мұра.
Омарова Айнұр Муслимқызы