Абай облысындағы ауыл балалары Алматыдағы IQanat Олимпиадасының дүбірлі ақтық сынына аттанды
IQanat олимпиадасының ақтық кезеңі Алматыда өтеді және Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам ауыл баласын жинайды.
IQanat олимпиадасы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының тізбесіне енгізілген, оған сегізінші сынып оқушылары қатысады.
Абай облысынан 35 оқушы Алматыға өз күштерін сынап көруге барады.
Абай, Ақсуат, Аягөз, Бородулиха, Бесқарағай, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандарының 8-сынып оқушылары бақ сынайды.
Финалда балалар Бурабайдағы барлық шығыны толық өтелетін IQanat мектеп-интернатында оқу мүмкіндігі үшін күреседі. Қалған балалар Олимпиададан кейінгі үш жыл тегін сүйемелдеуге қабылданып, оның барысында ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға қарқынды дайындалып, ағылшын тілін үйренеді.
Алматыда балалар қорытынды тестілеуге қатысып қана қоймай, нағыз зияткерлік және биік белестерге жігерлендіруші шараларда шыңдалады. Табысты бизнесмендер мен қоғам қайраткерлері дәріс өткізеді, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша танымдық саяхат жасалады.
Олимпиада қорытындысы Медеу таулы спорт кешенінде болады. Онда барлық бала үшін танымал әнші Әmre ән шырқайды.
Еске сала кетсек, IQanat – бағдарламалары жыл сайын 70-80%-ы көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан 1000-ға жуық баланы қамтитын әлеуметтік - білім беру жобасы. Қазір балалардың 90%-ы Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грантқа түседі. Жоба түлектері әлемнің 15 елінде оқиды.