«Ұлттық мүдде» алаңындағы кезекті отырыстың күн тәртібі – «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасын іске асыру
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Онда сенаторлар зиялы қауым өкілдерімен және сарапшылармен бірге қазіргі жаһандық сын-қатерлер кезеңінде жалпыұлттық құндылықтарды қалыптастыру, жетілдіру және дәріптеу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қоғамды жалпыұлттық мақсаттар мен ортақ құндылықтарға жұмылдыру – Әділетті Қазақстан құру жолындағы жасампаз күн тәртібін іске асырудың және ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттілікті сақтаудың негізгі шарты. Сенат Төрағасы атап өткендей, қазіргі таңда жалпыұлттық құндылықтардың заманауи әлеуметтік-мәдени нормалармен үйлесімін табу әлемнің көптеген елдері үшін маңызды міндет.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы мәселеге тоқталып, негізгі құндылықтарды атап өткені белгілі. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған озық әрі табысты елге айналу жолында айрықша маңызға ие.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеологиялық тұжырымында осы бағыттағы негізгі бағдарды айқындап берді. Олар – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Бұл құндылықтар азаматтық жауапкершілікті нығайтып, қоғамның дамуына серпін беретін ұлттық сипатқа ие. Сондықтан оларды дәріптеу – баршамыз үшін маңызды міндет», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата Спикері көздеген мақсаттарға қол жеткізу үшін аталған идеологиялық тұжырымды оқу бағдарламасына енгізу және бұл құндылықтарды жастардың бойына сіңіру жолында креативті индустрияны тиімді пайдалану маңызды екенін айтты.
Іс-шара барысында сенаторлармен бірге ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының профессоры Амантай Шәріп, заң ғылымдарының кандидаты Алмас Жұмағали, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова, ІТ-сарапшы Тимур Бектұр және тағы басқа сарапшылар сөз сөйлеп, көтерілген мәселеге қатысты пікірлерін білдірді.