Соңғы 5 жылда елімізде донорлық қанды тұтыну 13%-ға өсті, бірақ бұл ретте салалық мекеме – Қан қызметінің ғылыми-әдістемелік орталығында жедел шешуді талап ететін бірқатар проблемалар бар.
Сенатор Айнұр Арғынбекова өзінің депутаттық сауалында республиканың қан қызметін дамытуды үйлестірумен қатар, бұл орталық елордадағы барлық медициналық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ететінін айтты. Алуан түрлі және күрделі технология қолданылатын орталық болса да Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғимараты ауыр жағдайда тұр.
«15 жыл бұрын пайдалануға берілгеніне қарамастан, құрылыс кезінде жіберілген олқылықтардың салдарынан Орталықтың ғимараттары біртіндеп бұзылып барады. Ғимараттың желдету жүйесі дұрыс жобаланбаған және тек 55% ғана жұмыс істейді. Төбеден су ағады, оның бәрі төбе жабындысының бұзылуына әкеледі және құлап кету қаупін туғызады. Осының бәрі орталықтың қалтқысыз жұмыс істеуіне қатер төндіреді», - деді сенатор.
Депутат Астанада медициналық көмек көрсету көлемін ескере отырып, бұл мәселенің ерекше маңызы бар деп санайды. Сенатор осыған байланысты Премьер-Министр Олжас Бектеновке қазіргі проблемаларға назар аударуды және оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.
«Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. 2020 жылдан бері Орталық күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу үшін Қаржы министрлігіне 5 рет өтінім берсе де ақша бөлінген жоқ. Қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттарға түзету енгізіліп, құны 6,1 миллиард теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстарына қорытынды алынды. Медициналық көмек көлемі арта түскен кезде және донор қанының қорын жасап қою еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі болғандықтан Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаржы бөлу мәселесін қолдауды өтінемін», - деді депутат.