Саржалда қымыз өндірісі дамып келеді
Бүгінде облысымызда ауылдық елді-мекендерді дамыту стратегиясы шеңберінде Жол картасы жүзге асуда. Жобаны іске асыруға Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Родина ауылының табысты тәжірибесі негіз болып отыр.
Абай ауданының Саржал ауылдық округінде қымыз өндірісі жақсы дамып келеді. «Жарылғасын» шаруа қожалығы 2021 жылдан бері күніне 100 литрге дейін қымыз өндіреді.
Қазіргі уақытта күн сайын ауыл тұрғындары үшін қымыз қабылдап, оны өндіру және арнайы бөтелкелерге құю бойынша жоба әзірленуде. Өндірісті тәулігіне 5 тоннаға дейін ұлғайтумен бірге өнімді республикалық нарыққа шығару және қосымша жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болмақ. Алдағы жоспар бойынша қымыз құюға арналған бөтелке шығаратын құрылғыдан басқа қажетті бірнеше жабдықтар сатып алу міндеті тұр. Сондай-ақ, қымыздың ұнтақ түрі мен саумалдан балмұздақ шығару көзделіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Абай облысының делегациясы Родина ауылына тәжірибе алмасу және танысу мақсатында барып қайтқан еді. Делегация құрамында 10 ауылдық округ әкімдері мен ірі кәсіпкерлер болды.