Еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу ережелері өзгереді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру және ұзарту тәртібін одан әрі жетілдіру мақсатында Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) түзетулер әзірледі. Бұйрықтың жобасы осы жылғы 3 шілдеге дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.
Құжат Электрондық үкімет порталы арқылы, сондай-ақ migration.enbek.kz платформасы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейді. Сондай-ақ, еңбекші көшіп келуші жұмыс берушіні ауыстырған кезде хабарлау тетігін енгізу ұсынылады.
Азаматтары үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат ала алатын елдер көрсетілген.
Салық кодексіне сәйкес жеке табыс салығын төлеу сомалары нақтыланды.
Еңбекші көшіп келушілерге 12 айға дейінгі мерзімге рұқсат беру тетігі оңайлатылды, сондай-ақ рұқсатты беруден және ұзартудан бас тарту негіздері айқындалды.
Қағидамен толығырақ «Ашық НҚА» порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15093678 сілтемесі бойынша танысуға болады.