Cемей-16°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.51 522.84 4.81

Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры Директорлар кеңесінің отырысын өткізді

24-06-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді.

Мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика, тау-кен секторларындағы жобалардың қазіргі жағдайы қаралды. Стратегиялық маңызы бар бастамалар тізбесіне жиынтық сомасы 26,9 трлн теңге болатын 44 жоба кіреді, олардың 11-і бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстанда құрылыс кезеңінде 53 мыңнан астам жұмыс орны және пайдалану кезеңінде шамамен 11 мың жұмыс орны ашылатын болады.

Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылды. Биыл 105,1 млрд теңге объектілерді газдандыруға, 272 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үй салуға, 680 млрд теңгеден астам сома инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялауға, «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбыры мен «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салу үшін қаражат тартуға ниетті.

Қор Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд м3 болатын газ өңдеу зауытын салуды жалғастыруда, ондағы мақсат – шикі мұнай өндіруді ұлғайту және шикі ілеспе табиғи газды ұтымды пайдалану. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамыту – полиэтилен шығару жөніндегі газ-химия кешенін және полиэтилен шығаратын зауытты шикізатпен қамтамасыз ету үшін газ бөлу кешенін салу жоспарда бар.

Үкімет басшысы Қор экономикасын әртараптандырудың маңыздылығын атап өтіп, барлық еркін өтімділікті стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруға және негізгі салаларды қолдауға бағыттауды тапсырды. 

Олжас Бектенов Қордың сатып алуындағы ел ішіндегі мүмкіндіктер үлесін 88%-ға дейін арттыруды тапсырды (2024 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша игерудегі жергілікті қамту үлесі – 61%). Айта кетейік, биылғы қаңтар-маусым айларының деректері бойынша отандық өндірушілермен жасалған келісімшарт саны өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 2 есеге артқан.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив