Облыс әкімі мемлекеттік сараптама қорытындыларын алу бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды
Абай облысында республикалық және облыстық автожолдарды сапалы ұялы және интернет-байланыспен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 40 діңгекті антенна құрылғысын салу жоспарлануда.
Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының дерегі бойынша 2024 жылы Аягөз ауданында 15, Ақсуат ауданында 5 және Үржар ауданында 5, жиыны 25 діңгекті антенна құрылғысы орнатылмақ. 2025 жылы олардың қатары қосымша 15 құрылғымен толығады. Олардың 3-і Бесқарағай ауданында, 6-ы Жарма ауданында, 5-і Көкпекті ауданында болса, 1-і Семей қаласында орналаспақ.
Бүгін аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев аудандар мен қалалардың әкімдеріне мемлекеттік сараптама қорытындыларын алу, сондай-ақ 2024 жылдың қыркүйегіне дейін діңгекті антенна құрылғыларын салуға республикалық қазынадан қаржыландыруға бюджеттік өтінімді қалыптастыру бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.