Шалғай ауылда қоғамдық қабылдау өтті
Respublica партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқаш Ақсуат ауданының Кіндікті ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізіп, жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты.
Қытай Халық Республикасынан 2014 жылы көшіп келген Айгүл Беделхан мен Күлия Кәмелбекқызы жұмысқа орналасу, үй алу мәселелері бойынша сұрақтарымен жүгінді. Азаматтарға үй алу бойынша мемлекеттік бағдарламалар түсіндіріліп, қосымша ақпараттар ұсынылды, сондай-ақ, жұмысқа орналасу үшін орта немесе жоғары оқу орындарына түсу үшін консультациялық көмек көрсетілді.
Маржан Бұланбаева облыс орталығынан үй алуға арналған бағдарламалар бойынша өз сұрақтарын қойды.
Серікқали Жумажанов ауылда салынған балалар ойын алаңының сапасы, интернет желісін тарту және ауыл жастарының бос уақытын үйлестіру үшін тренажерлық-фитнес залды керекті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.
Алдағы уақытта көтерілген мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға сауалдар жолданып, өтініш берушілермен кері байланыс орнатылады.