Отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары қазақстандық кәсіпорындармен жасалған шарттар санын 58%-ға арттыруға мүмкіндік берді
Отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралған Үкімет отырысы барысында реттелетін сатып алулар саласында қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қаржы министрі Мәди Такиев баяндады.
Ұлттық режимнен шығарылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін жедел кеңейту мақсатында биыл заңнамалық деңгейде алып қоюды белгілеу кезінде реттеушілік әсерді талдауды жүргізу талабы алынып тасталды. Бұл ұлттық режимнен алынған тауарлардың тізбесін 1 380-нен 4 542-ге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді.
«Осылайша, 2024 жылдың 7 айында отандық тауар өндірушілермен 34 805 шарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,1%-ға артық. Сондай-ақ Қаржы министрлігінің Камералдық бақылауды жүргізу қағидалары тәуекелдің жаңа бейінімен толықтырылды. Енді отандық тауарлардың орнына шетелдік тауарлар сатып алынған сатып алу қорытындыларының күшін мемлекеттік аудит органдары жояды. Мәселен, биылғы сәуірден бастап 25 млн теңгеге 8 сатып алудың күші жойылды», — деді М. Такиев.
Бұған қоса, қолданыстағы Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы қағидаларына өзгерістер енгізілді, онда мыналар көзделеді:
- тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді басымдықпен отандық тауар өндірушілер тізіліміндегі өнім берушілерден сатып алу;
- отандық тауар өндірушіге 30% мөлшерінде міндетті аванс төленеді, бұл біздің өнім берушілерге шарттық міндеттемелерді уақытылы әрі тиісінше орындауға мүмкіндік береді;
- отандық тауар өндірушілерді қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату, бұл өнім берушілерге өз қаражатын өндірісті одан әрі дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді;
- отандық тауар өндірушілер үшін тұрақсыздық айыбын 10%-дан 3%-ға дейін төмендету, бұл да елеулі қолдау шарасы болып табылады;
- квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында бір көзден сатып алу тәсілімен оффтейк-келісімшарттардың нысанасы болып табылатын тауарларды сатып алу.
Министрдің айтуынша, аталған шаралар отандық өндірісті ынталандыруға және реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа, бұл реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін 54%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Бұл ретте, 2023 жылы реттелетін сатып алулардағы елішілік құндылық үлесі 51%-ды құрады.
«2024 жылғы 1 шілдеде қабылданған “Мемлекеттік сатып алу туралы” жаңа заң шеңберінде отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді өндірушілерді қолдауға бағытталған келесі қосымша шаралар көзделген: Ұлттық режимнен алып қою тізбесін одан әрі кеңейту. Тәжірибе көрсеткендей, отандық тауар өндірушілерді қолдаудың бұл тетігі пәрменді тетік болып табылады. Осыған байланысты, салалық мемлекеттік органдарға алып қоюды белгілеу құралын белсенді пайдалану ұсынылады. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді Қаржы министрлігі бекіткен тәртіппен және көлемдерде сатып алу. Бұл отандық шағын және орта бизнесті қолдауға және оларды сатып алу көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді қаржы министрі.
Тізбе 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыста болады. Бұған қоса, бір көзден алу тәсілімен оффтейк-келісімшарттар жасасу қажет. Бұл отандық өнім берушілер өндірген тауарларды конкурстық рәсімдерсіз тікелей сатып алуды қамтамасыз етеді.
Аталған шаралар реттелетін сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесінің 60%-дан асуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша жұмыстар жалғасатын болады.