Гір спортынан Қырғызстанда өткен әлем чемпионатынан десантшылар олжалы оралды
Десанттық-шабуылдау әскерлері 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері гір тасын көтеруден әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетті.
Шолпан Ата қаласында өткен жасөспірімдер, жастар, ересектер және ардагерлер арасындағы әлем чемпионатына 500-ден астам спортшы қатысты.
Тартысты сында 68 келіге дейінгі салмақта кіші сержант Ержан Төлеубаев жеңіске жетіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Қола жүлде 85 келі салмақта жарысқа қатысқан сержант Дастан Әблезовке бұйырды.
Талдықорған қаласында әскери қызметшілерді әріптестері жылы қарсы алды. Қалыптасқан дәстүр бойынша 18404 әскери бөлімінің командирі подполковник Алмас Төлегенов оларға шапан жапты.
Спортшылар бұл жетістікпен тоқтамай, 2025 жылы Грецияда өтетін жарыста жүлде алуды көздеп отыр.