Абай облысында Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлерінің күні алғаш рет кең көлемде атап өтілді
Биыл тұңғыш рет кәсіби мерекелер тізбесіне енген, 1 қазан – Жоғары білім қызметкерлерінің күніне орай өңірде Shakarim University-де Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Салтанатты жиынға университеттің ардагер ұстаздары, профессорлық-оқытушылық құрамы және Абай облысының коммуникациялар қызметі мен БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңейтілген жиында оқу ордасында орын алған трансформацияға қатысты Ғылыми кеңестің құрамына ішінара өзгерістер енгізіліп, ректордың университеттің стратегиялық дамуы жөніндегі баяндамасы талқыланып, негізгі міндеттер айқындалды.
Ғылыми кеңес отырысы салтанатты іс-шараға ұласып, университетке еңбегі сіңген қызметкерлер мен ардагер ұстаздар ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Академик Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған естелік төсбелгісімен, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің “Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін”, “Ахмет Байтұрсынұлы” және “Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерімен, Ғылым және жоғары білім Министрінің Құрмет грамотасы, Алғысы хатымен марапатталды.
Жиын соңында ғылыми кеңестің құрамы бекітіліп, атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға қатысты өзекті мәселелер қаралды.