Cемей-8°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Сенаторлар Жоғарғы Сот судьясы қызметіне Президент ұсынған кандидатураны қолдады

Суретті түсірген: Н. Байбулин

3-10-2024, 16:17 Думан Кенжеғазыұлы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Мемлекет басшысының тиісті ұсынуына сәйкес Жоғарғы Сот судьясын сайлады және биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялады.

Отырыс барысында ел Президентінің Жоғарғы Сот судьясы лауазымына сайлау туралы ұсынуын Жоғарғы Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов оқып берді. Сенаттың салалық комитеті кандидатураны алдын ала қарап, талқылау нәтижесінде депутаттар Жоғарғы Сот судьясы қызметіне Денис Шиппті сайлады.

Сондай-ақ Палата отырысында «Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қаралып, мақұлданды. Аталған құжаттың нормалары аса қауіпті аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіруге, микроорганизмдердің (штаммдардың) ұлттық коллекцияларын толықтыруға және Келісімге қатысушы мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғауға бағытталған. Келісімді ратификациялау ТМД-ға мүше мемлекеттердің жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуын болғызбау және осындай аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіру жөніндегі күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді.

«Қаралған Келісім жануарлардың инфекциялық ауруларының таралуына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, тараптардың аса қауіпті аурулардың таралуының алдын алу, анықтау және жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралары қарастырылған. Мақұлданған заң келісімге қатысушы елдер арасында ветеринария саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Құжат ережелеріне сәйкес аккредиттелген және референттік зертханалар мен орталықтарда биоматериалға зерттеулер жүргізу кезінде тараптардың эпизоотиялық ахуалы, сондай-ақ, ғылыми мүдделері ескерілетінін атап өткен жөн. Осылайша, материалды іріктеу, қаптау және тасымалдау халықаралық стандарттарға, оның ішінде Дүниежүзілік жануарлар саулығын қорғау ұйымының ұсынымдарына сай жүзеге асырылады. Келісімге сәйкес алушы биоматериалды тиісті қорғау (биоқауіпсіздік) жүйесі бар өз зертханасында диагностикалық, мониторингтік жұмыстар немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады. Кез келген зерттеу аяқталған соң алушы осы зерттеулерді жүргізу нәтижелері туралы өнім берушіні хабардар етуге міндеттенеді.

Сонымен қатар отырыста сенатор Геннадий Шиповских депутаттық сауал жолдады. Ол өз сауалында TikTok платформасында негатив контенттің таралуына алаңдаушылық білдіріп, мұндай мазмұндағы өнімдер балалардың психикалық және физикалық ауытқушылықтарына әкеліп соғуы мүмкін екенін, сондай-ақ, аталған желі азаматтардың жеке деректерінің киберқауіпсіздігі мен құпиялылығына қауіп төндіретінін атап өтті. Осыған байланысты депутат проблеманы оң шешу үшін бірқатар шара ұсынып, Үкіметті оларды іске асыруға ықпал етуге шақырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив