Сенаторлар Қатармен бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мәселелері туралы заңды мақұлдады
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы Келісімді ратификациялады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.
Отырыс барысында Сенат депутаты Марат Қожаев ант беріп, Палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына сайланды. Айта кетейік, Марат Қожаев Мемлекет басшысының Жарлығымен Сенат депутаты болып тағайындалды.
Күн тәртібіне сәйкес сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақмерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Келісім екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға арналған.
«Келісім еліміздің аумағында Қатар мемлекетімен бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатымен әзірленген. Ынтымақтастық аясында телекоммуникация, энергетика, көлік, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және қаржы салаларына басымдық беріледі. Мақұлданған заң экономикамыздың дамуына және екі ел арасындағы серіктестіктің одан әрі нығаюына оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.
Құжат нормалары стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу үшін Қазақстан жабдықтарды, шикізаттар мен материалдарды әкелу кезінде кедендік баждарды төлеу жөніндегі міндеттемелерден босату түріндегі кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ, ұлттық заңнамада көзделген салықтық жеңілдіктер беретінін атап өткен жөн.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Дархан Қыдырәлі жастар арасындағы қылмыс деңгейінің артуына алаңдаушылық білдірді. Сенатор қылмыстық жазаны қатаңдатумен қатар Үкіметті барлық өңірдегі жастар саясаты басқармаларын қалпына келтіруге, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жандандыруға және отбасы мен жастар мәселелерімен айналысатын орталық және өңірлік атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру үшін Арнайы мемлекеттік агенттік құруға шақырды.
Евгений Больгерт шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты проблемаларға назар аударып, ұлттық экономиканың дамуына қауіп төндіретін түйткілдерді атап өтті. Сенатордың айтуынша, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қол жетімді несиелеу мәселесін шешу қажет.