«Жастар шырқайды» өнер сайысы өтті
Республика күніне орай қалалық «Жастар шырқайды» атты өнер сайысы ұйымдастырылды. Бұл сайыс спорт, білім, медицина, IT, төтенше жағдай және полиция сияқты түрлі саладағы мамандар арасында өтті.
Сайыс әрбір салада жүрген маман иелерінің басын біріктіріп, олардың өнерін көрсету, шығармашылықтарын шыңдау мақсатында қолға алынды. Қатысушылар — республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары, толағай табыстарға жеткен үздіктер.
Олар қалалық мәдениет сарайының әншілерімен бірге сахнаға шығып, өнерлерін көрермендерге ұсынды. Сайыс қорытындысы бойынша Электротехника колледжінің IT маманы Нұрбол Жүнісов пен Семей қалалық мәдениет сарайының әншісі Динара Кабышева бас жүлде иегері атанып, ақшалай сертификатпен марапатталды. Ал қалған қатысушы жұптарға да сыйлықтар табысталды.
Кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, өнер сүйер қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.